×

Жылына 12 млн теңге. Астанадағы ең қымбат жекеменшік мектептер

Биылдың өзінде астанада жаңадан 10 жекеменшік мектеп ашылды

 Ая Өміртай 24.08.2022 | 15:15
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда соңғы жылдары жекеменшік мектептер қарқынды жұмыс істей бастады.

Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде астанада 50, Алматыда 87 жекеменшік мектеп бар. 2022 жылдың өзінде Нұр-Сұлтанда 10 жекеменшік мектеп ашылған.

Осы орайда, Halyq Uni астанадағы қымбат бес мектептің тізімін жасады. Оқу орындарында білім алудың орташа құны жоғары сынып оқушысына айына 4,3 млн теңгеден 12 млн теңгеге дейін жетеді.

Мәліметтер мектептердің ресми сайттарындағы жоғары сынып оқу ақысы туралы ақпарат негізінде жасалды. Ал мектептерде оқитын оқушы саны 2021-2022 оқу жылы бойынша тиісті министрліктің ресми дерегінен алынды.

«Haileybury Astana» коммерциялық емес акционерлік қоғамы

Оқу құны бір жылға –  21 717 GBP (бүгінгі курспен 11 млн 944 мың теңге).

Оқушылар саны – 486.

Құрылтайшысы – Сержан Жұмашов, Нұржан Субханбердин, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры.

2021 жылы Haileybury Astana 10 жылдығын атап өтті. Сол жылы мектепті 26 түлек бітірді.

Мектеп сайтында оқу ақысы фунт стерлингпен (GBP) көрсетілген. Қабылдау емтиханына тіркелу үшін 37 мың теңге, кепілдік төлемі үшін 365 мың теңге төленеді.

QSI халықаралық мектебі

Оқу құны бір айға – 24 600 USD (бүгінгі курспен 11 млн 562 мың теңге).

Оқушылар саны – 313.

Құрылтайшысы – «Quality Schools International» коммерциялық емес жеке білім беру мекемесі (Словения)

QSI компаниясының 29 елде 35 мектебі бар. Бұл – америкалық AP Capstone Diploma Program жүйесіне негізделген оқу орны. Барлық пән ағылшын тілінде оқытылады, мектеп оқушыларына америкалық және Канада университеттеріне қосымша сынақсыз түсуге мүмкіндік береді.

Spectrum халықаралық мектебі

Оқу құны бір айға – 7 млн 350 мың теңге.

Оқушы саны – 403.

Құрылтайшысы – «Білім Орда» халықаралық қоғамдық қоры.

Spectrum халықаралық мектебінде білім беру бағдарламасы Қазақстанның мемлекеттік оқу бағдарламасы мен Кембридж халықаралық бағдарламаларын қамтиды. Мектеп халықаралық білім беру стандарттарына сай Халықаралық мектептер кеңесі (CIS) аккредитациясынан өткен.

Мектепке түсу үшін үміткерлер ағылшын тілінде CAT4 (когнитивтік қабілеттер тесті) жүйесі бойынша өткізілетін және логика, математика мен ағылшын тілінен онлайн тест тапсырады.

Astana Garden School

Оқу құны бір айға – 6 млн теңге.

Оқушылар саны – 288.

Құрылтайшысы – Нұрмұхаммед Досыбаев.

Кембридж университетінің түлегі Нұрмұхаммед Досыбаев негізін қалаған Astana Garden мектебі 2018 жылы ашылды.

Білім беру екі негізгі деңгейге бөлінеді: кіші және жоғары мектеп.

Оқыту бағдарламасы талапкерлерді әлемнің үздік университеттеріне және Назарбаев Университетіне түсуге дайындайды.

Орта мектепте халықаралық SAT және IELTS тесттерін бір реттік тапсыру мектеп есебінен жүзеге асырылады.

Оқушыларға күніне 3 мезгіл тамақ, мектеп формасы беріледі. Психологтың қолдауы бар.

«Мирас» халықаралық мектебі (Нұр-Сұлтан)

Оқу құны бір айға – 4 млн 320 мың теңге (шетел азаматтары үшін – $24,840).

Оқушылар саны – 310.

Құрылтайшысы – «Нұрсұлтан Назарбаев» білім қоры

Нұр-Сұлтан қаласындағы MIRAS халықаралық мектебі 1999 жылы 2 қыркүйекте ашылды. Отандық тәжірибе мен халықаралық бакалавриат бағдарламаларын біріктіретін мемлекеттік емес білім беру құрылымы.  

Мектеп барлық үш халықаралық бакалавриат бағдарламасына рұқсат етілген 272 мектептің қатарында.

2021 жылы оқу орнын бітірген 12 түлектің сегізі әлемнің жетекші университеттеріне түсті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама