×

Қостанайда ер адамды пышақтап кеткен күдікті ұсталды

Жәбірленуші құрсақ қуысының жарақатын алған

 Динара Амантай 23.08.2022 | 09:34
Фото: zannews.kz

Қостанайда төбелес кезінде ер адамды пышақтап кеткен күдікті ұсталды. Бұл туралы ІІМ-нің ресми ақпараттық порталы хабарлады.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оқиға тамыздың 22-нен 23-не қараған түнде Қостанайдың көңіл көтеру орындарының бірінде болған. Қостанай қаласының Оңтүстік полиция бөлімінің кезекші бөліміне мейрамхананың жанында ер адамға төбелес кезінде пышақ жарақатын салғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Қақтығыс кешті бір ортада өткізген достар арасында болғаны анықталды. Пышақ жарақатын салған ер адам қылмыс орнынан қашып кетті. Полиция қызметкерлері барлық қажетті шараларды қабылдады. Күдікті сол күні ұсталды, ол өз кінәсін мойындады, қылмыс қаруы тәркіленді. 32 жастағы ер адамға қатысты алдын ала тергеу аяқталғанға дейін ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде шара қабылданды, – деді Оңтүстік ПБ бастығының міндетін атқарушы Азамат Оспанов.

Қазір 41 жастағы жәбірленуші Қостанай қалалық ауруханасының хирургиялық бөлімшесінде жатыр. Ол құрсақ қуысының жарақатын алған. Қазір жағдайы тұрақты.

Аталған факт ҚР ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша тіркелді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама