×

2 млн теңге: жаңа туған сәбиді сатпақ болған алматылықтар ұсталды

Делдалдардың қолында тағы екі нәресте болған

 Динара Амантай 22.08.2022 | 16:07
Фото: ашық дереккөз

Алматыда жаңа туған сәбиді сатпақ болған ерлі-зайыпты ұсталды. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен жеті адам қамауға алынды. Бұл туралы ІІМ-ның ведомстволық сайты хабарлады.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, туылғанына алты күн болған қызын 24 жастағы келіншек пен онымен бірге тұратын 21 жастағы адам сатпақ болған. Жұптың құрсақтағы баласын сатып алушыларды екі ай бұрын іздей бастағандығы анықталды. Баланы 48 жастағы У.есімді және 46 жастағы Е.есімді Алматы қаласының тұрғындары сатып алмақ болған.

Тараптар 2 миллион теңгеге келіскен. Мәміле өткен демалыста жасалады деп жоспарланған. Алайда Криминалдық полиция және Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармалары қызметкерлерінің қаланың әр жерінде бір уақытта жүргізген арнайы іс-шарасы күдіктілердің жоспарын бұзды. Алғашқылардың қатарында қыздың биологиялық ата-анасы ұсталды. Одан кейін әлеуетті сатып алушылар мен ерлі-зайыпты делдалдар қолға түсті. Бұған қоса ақшалай сыйақы үшін баланың құжаттарын рәсімдеу міндетін өз мойнына алған 56 жастағы А.есімді азаматша ұсталды, – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кездесу кезінде делдалдардың қолында тағы екі сәби болған, болжам бойынша үш және бір айлық балалар. Ер адам бұлар өздерінің балалары екенін айтқан. Алайда олар балалардың жеке басын куәландыратын құжатты көрсете алмады.

«Осылайша, арнайы іс-шараның нәтижесінде күдіктілерден үш сәби алынды. Олар медициналық мекемеге тексеру және қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін жеткізілді. Күдіктілер бұл балаларды «тірі» тауар ретінде пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Тергеу міндетті түрде шындықты анықтайтын болады», – деді Аханов.

Алматы қалалық ПД Тергеу басқармасының мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 135-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмысқа сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама