×

Соғыс болып жатқан Украинада біздің елдегідей көп сарбаз өліп жатқан жоқ - заңгер

Сарбаз аштан өлетіндей тамаққа бөлінген миллиардтарды кім жеп отыр, дейді ол

 Халық үні 20.08.2022 | 10:32
Фото: ашық дереккөздерден

Заңгер, ҚР президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Айгүл Орынбек өзінің Facebook парақшасында елде сарбаз өлімі көбейіп кеткені туралы жазба жариялады. Ол бейбіт күні сарбаздар аштан өліп жатқаны жемқорлық пен әлімжеттіктің  кесірі екенін айтады.   

«Аштан, шөлден өлді», - деген диагнозды естіп, көшеге шығып айқайлағым келіп отыр. Ызам келіп, өкісігім өкпеме толып тұр! Адам өмірін жоғары қоймайтын сорлы ел екенімізге қаным қайнап жатыр. Бейбітшілік заманда жастарымызды сақтай алмай өзіміз қолдан өлтіріп отырмыз. «Айгүл эмоцияға берілме, бәрі дұрыс болады» дейтін шығарсыздар…Айтыңдаршы тағы қанша сарбаз өлу керек?!  Әлде халықтың ашуын туғызу үшін ай сайын бір сарбазды өлтіріп тұрыңдар деген бұйрық келді ме екен? Не болып кетті? Министр Руслан Жақсылықов барсыз ба? Шықсаңыздары індеріңізден, мал емес адам өліп жатыр ғой! Бір үйдің ұрпағын жалғастырушы, жалғыз тұяғы өліп отыр ғой.  «Өлген адам сөйлемейді»,- деп, өлген адамға жаба салмай, шындықты шығып айтсаңызшы Жақсылықов! Қашанғы үндемей отырасыз? Генералсыз ба? Күрессеңізші отан үшін қызмет жасап жатқан сарбаздар үшін! Әскердегі әлімжеттік, өлім жемқорлықтың кесірі екенін көрсетсеңізші елге!», - деп жазды заңгер.

Ол министрді елдегі әскерлерге бөлінетін тендерлерді прокурор, ҰҚК мен Президент әкімшілігіндегілер ұтып алатынын ашық айтуға шақырды.

«Бүкіл әскерге бөлінетін тендерлерге прокурор, ҰҚҚ, президент әкімшілігінде істейтіндердің туысқандары отырып алғанын ашық айтсаңызшы министр мырза! Сарбаз аштан өлетіндей тамаққа бөлінген миллиардтарды кім жеп отыр?», - деп жазды ол.

Бұған дейін 27 шілдеде ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің офицері Азат Үмбетұлы Қордай аудандық орталық ауруханасында көз жұмды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскеридің миына қан құйылып қайтыс болғанын хабарлады. Алайда марқұмның туыстары оның кісі қолынан қаза тапқанын айтты.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот-медициналық сараптама нәтижесі бойынша марқұмның жүрегі тоқтап қалғаны анықталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама