×

«Қасақана өлтірді»: Жұмбақ жағдайда қайтыс болған офицердің анасы Тоқаевтан әділдік сұрап отыр

Азат Үмбетұлының артында үш баласы қалды

27 шілдеде Жамбыл облысы Қордай ауданының орталық ауруханасында ҰҚК шекара қызметінің офицері Азат Үмбетұлы қайтыс болды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскеридің миына қан құйылып қайтыс болғанын хабарлады. Алайда марқұмның туыстары оның кісі қолынан қаза тапқанына сенімді. Halyq Uni тілшісі марқұм Азат Үмбетұлы тұрған үйге барып, жақындарымен сөйлесті.

«ТУ СЫРТЫНАН КЕЛІП, МОЙНЫНАН ҰРҒАН»

32 жастағы Азат Үмбетұлы Қордай ауданындағы «Өтеген» шекара бекетінде медициналық қамтамасыз ету тобының офицері болып қызмет еткен. Медицина қызметінің аға лейтенанты жаңа лауазымға ие болғанына көп болмаған. Еңбек демалысына шығуға дайындалып жүрген. Алайда 27 шілде миына қан құйылып, жансақтау бөлімінде жан тапсырды.

Азат Үмбетұлы әйелімен соңғы рет қайғылы оқиға болған күні таңғы сағат он шамасында сөйлескен. Әйелі Ботагөз Илмағамбет күйеуінің асығыс жауап бергенін айтады. Арада бірнеше сағат өткен соң күйеуінің әріптестері хабарласып, Азаттың ауруханаға түскенін айтқан.

Азаттың жанында фельдшер әріптесі бар. Сол кісі хабарласып, «Азат есінен танып қалды» деп айтты. Тез жетуімді сұрады. Жамбыл облысына бара жатқанда күйеуімді біреудің ұрғанын білдік. Бірақ мұндай болады деп ойламадық, бәрі жақсарады деп үміттендік. Операция жасалып, палатаға шыққан соң жанында боламын деп ойладым. Барған кезде бастық, полковник мені сабырға шақыра бастады. Азаттың жағдайы жақсарып жатқанын айтты. Арада бес минут өткен соң Азат үзілді деген хабар келді, - деп еске алды марқұмның әйелі.

Содан кейін әйелі күйеуінің әріптестерінен не жағдай болғанын сұрастырған. Олардың сөзінше, шекарадағы әскери бөлімдерді тексеруге шыққан Азат бөлімдердің бірінде тазалықтың сақталмағынан байқап, арыз жазбақ болған. Алайда сол бөлімге жауапты Асқар Қожабеков екеуі сөзге келіп, ерегісіп қалған.

«Күйеуім заставаның тазалығын бақылайтын. Оның алдында барғанында да кемшілік тауып жүрген. Бірнеше рет ескерту жасаған. Ескерту айтып, жылы жаба салу жолдасымның жұмысына кері әсер етеді. Күйеуім кінәлі болады. Сондықтан бұл жолы арыз жазамын дегенде, ол жігіт есесін жібергісі келмеген. Кеше келіп, сен кімсің деген», - дейді Ботагөз.

Оның сөзінше, Азат Үмбетұлы баспалдақтан түсіп бара жатқанда артынан келіп, мойнынан ұрған.

«Қатты затпен ұрған. Қолмен олай ұруы мүмкін емес. Содан кейін баспалдақтан құлаған. Құлап, бір рет орнынан тұрған. Сөйлеп, қайта құлаған. Күйеуімді жақын жердегі медпунктке апарған. Ол жерде көмек болмаған соң, одан үлкеніне апарған. Ол жерде де көмек болмай, бір сағат уақыт жоғалтып, Қордайдың жансақтау бөліміне түсіп отыр», - дейді марқұмның әйелі.

«КЕШІРІМ БЕРМЕЙМІЗ»

Азат Үмбетұлының денесі 28 шілдеде Түркістан облысындағы Шәуілдір ауылына жеткізілді. Жаназасы шығарылған күні оның өліміне қатысы болуы мүмкін ер адамның туыстары кешірім сұрап барған. Алайда марқұмның туыстары кешірім бермеген.

Сондай-ақ жерлеуден кейін олар офицер Азат Үмбетұлы миына қан құйылып қайтыс болды деген ақпаратты оқыған. Алайда оқиғаның мән-жайы туралы ештеңе жазылмаған.

Миына қан құйылып өзі өлді деген ақпарат шықты. Қалайша? Біреудің қолынан қасақана тауып отырған өлімнен қалай мұндай ақпарат шығарады? Біз әділдік сұраймыз, - дейді Ботагөз Илмағамбет.

«Біздің ұлымыз сабырлы деп ақтап жатыр. Ол да пенде ғой деп ойлап едік, бірақ Асқардың (Асқар Қожабеков – Halyq Uni) өзіне келгенде есесін жібермейтін адам екенін айтып жатыр. Ата-анасына кешірім бермедік. Оның бәрін сот арқылы шешеміз. Ағайындарымен бірге қомақты қаржы алып келеміз деп кетті. Кешірім беру-бермеуді анамыз екеуміз ғана шеше алмаймыз, оны туыстарымызбен бірге шешеміз. Барынша кешірім бермеуге тырысу керек деп ойлаймын. Кешірім бере берсек, осылай жалғаса берсе, не болады?», - дейді әйелі.

Марқұмның анасы Қызболған Жұмақожаева ұлының өліміне кінәлі болуы мүмкін Асқар Қожабековтың қазір қайда екенінен хабар жоқ екенін айтады.

«Ол адамның кесірінен ұлым көз жұмды. Асқардың қазір қайда отырғанын, қамалған-қамалмағанын әлі білмей отырмыз. Ұлым қайтыс болды. Артында үш қызы қалды, келінімнің төртінші сәбиге аяғы ауыр. Президент Тоқаевтан шекара қызметін бақылауға алуын сұраймын. Мұндай қайталанбайтынына кім кепілдік береді?», - дейді анасы.

Сондай-ақ анасы марқұм Азат Үмбетұлының 6 миллион теңге несиесін төлеп, отбасына пәтер беруін сұрап отыр.

«Менің ұлымды айуандықпен өлтірген адамның өмір бойы түрмеде отырғанын қалаймын. Немерелеріме пәтер беріп, келінімді жұмысқа орналастырып, көмек беруін сұраймын. Ол жігіттің әке-шешесі келді, мықты адам екені көрініп тұр. Баласының мінезін жақсы екенін айтып, ақтап жатыр. Ол менің баламның озғанын қаламады. Қасақана миын шашып, бір-ақ күнде ұлымнан айырды. Оның түрмеге қамалғанын, бізге көмектесуін талап етеміз. Шекара қызметіндегілердің «өзі өлді, өзі құлады» деп ақпарат беруіне қарсымыз», - дейді Қызболған Жұмақожаева.

Айта кетейік, 32 жастағы Азат Үмбетұлы кейінгі екі жылда Қордай ауданында қызмет еткен. 9 жыл Ақтөбедегі медицина университетінде оқып, хирург мамандығын алған. Ақтөбеде еңбек жолын бастап, кейін туған жері Отырар ауданында хирург болып жұмыс істеген. Содан кейін Қордайдағы шекара бөліміне ауысқан. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 3 жыл жұмыс істеп, аға лейтенант шенін алған.

Азат Үмбетұлының артында 5 және 3 жастағы, он айлық үш қызы қалды. Келіншегінің төртінші сәбиге аяғы ауыр. Асыраушысынан айырылған отбасы жақынының өлімі жылы жабылып кете ме деп қорқады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама