×

Мектеп тауарларын төмен бағамен сату үшін... - Смайылов білім саласы мәселесін көтерді

Үкіметте оқу жылына дайындық барысы талқыланды

 Динара Амантай 16.08.2022 | 11:38
Фото: gov.kz

Білім беру объектілерінің бәрі бірдей қауіпсіздік талаптарына сай емес. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты.

Бұл мәселені ерекше бақылауға алып, балалардың қауіпсіздігі үшін тез арада тиісті шараларды қабылдау қажет, — деді ол.

Сонымен бірге Үкімет басшысы келесі мәселелерге назар аударды:

1. Білім беру нысандарының бәрі оқу жылына 100% дайын болуы тиіс.

2. Өңір әкімдіктері білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына шығаруды жеделдетуі қажет.

• Сонымен қатар мектептерді күзетуге лицензияланған ұйымдарды тарту жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етсін.

• Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, білім беру бағдарламасына жол қозғалысы ережелерін үйретуді міндетті түрде енгізу, жұмыс істеп жүрген инспекторларды осы жұмысқа тарту мәселесін қарастырсын.

3. Өңір әкімдіктері көмекке мұқтаж балаларды мемлекеттік қолдау шараларымен 100% қамтамасыз етуі қажет.

• Мектеп тауарларын төмен бағамен сату үшін мектеп жәрмеңкелерін және шалғай ауылдарға шығатын автодүкендерді ұйымдастыру қажет.

 • Сауда министрлігі «Атамекен» палатасымен және әкімдіктермен бірлесіп, мектепке қажетті керек-жарақтар бағасының тұрақты болуын қамтамасыз етсін.

• Индустрия министрлігі «Атамекен» палатасымен бірлесіп, мектеп формасының құнына қатысты мәселені пысықтасын.

4. Өңір әкімдіктері мектептерге оқулықтардың қажетті санын жеткізуді қамтамасыз етсін.

5. Ғылым және жоғары білім министрлігі және өңір әкімдіктері жоғары оқу орындары мен колледждердің басқа қалалардан келген студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.

Еске сала кетсек, бұған дейін Үкіметте мемлекет қаражатын игере алмаған министрліктер туралы жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама