×

«Семей – 1718» деген жазуы бар дәу белгіні тұқым-тұяғымен құртсын – ақын

Құрамында бірде-бір ақын-жазушысы жоқ «Абай облысы қоғамдық кеңесінің» алғашқы жұмысы осы мәселеден басталуы керек

 Еркеғали Болатұлы 15.08.2022 | 11:50
фото: дереккөз

Қазақстан Жазушылар одағы Абай облысы филиалының төрағасы, ақын Мерей Қарт Facebook-тегі парақшасына жергілікті биліктен Семей қаласының кіреберісіндегі ескі қақпаның өзгертілуін талап еткен жазба жариялады. Айтуынша, ол «құлдық сананың» бір көрінісі болып тұр.

Семей қаласының тарихы, іргетасы 1718 жылы қаланған әскери бекінісіпен байланыстыруға болмайтыны мәлімделген. Тариxшы ғалымдар дәлелдеген. 2018 жылы қаланың 300 жылдығы деп ұран салғандардың әлегіне зиялы қауым бастап, кейін әкімдік қостап тосқауыл болған. Тірі куәміз. Содан бері әлі тиісті тапсырма беріліп, әкімдік тарапынан шара қолданылмаған, - дейді ақын.

Оның айтуынша, І Петрдің шығыс аймақтағы жерлерді қорғау туралы әйгілі жарлығымен және Ертіс өңірі бекіністерінің салына бастауымен байланыстырылған тариxтың шеңбері өте тар. Ол идеологиялық тұрғыдан әбден ескіргендіктен тәуелсіз елмізге жараспайды.

Дәл қазір қаламыздың шығыс жақ бетінен кірсеңіз, көзге түрпідей тиетін төмендегі «Семей – 1718» деген жазуы бар дәу белгі әлі жарқырап тұр. Түбімен қопарып, тұқым-тұяғымен құртса деймін. Өйткені жас ұрпақ, алыс-жақынан келетін қонақтар қала тариxы 300-ақ жыл екен деп ойлап қалуы бек мүмкін. Солай айтып жүргендермен де талай дауласқанбыз. Құлдық, бодандық белгілері де сүйекке таңба, - дейді Мерей Қарт.

Осы орайда ол таяуда ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевтің парақшасына салынып, кейін қайта өшірілген жазбаға тоқталды. Онда «Қазақстан – жасанды мемлекет, бұрынғы орыс территориялары. Мысалы, Гурьев (Атырау), Семей (Семипалатинск), тіпті Алматы қаласының өзі 1924 жылға дейін Верный деп аталды» деген сөздер бар-тын. Ақынның айтуынша, ондай шатпақтарға Семейде әлі тұрған мына бекініс белгілерінің тұздық болары сөзсіз.

«Ежелгі Қимақ қағанатының, Алаш орданың астанасы болған, бүгінде рухани орталық, «Киелі мекен» деген ұғымды білдіретін СЕМЕЙ шаhарымыздың терең тамырына балта шаппай, бүгінін бүрлетейік!» - деген ол, жаңадан жасақталған, құрамында бірде-бір ақын-жазушысы жоқ «Абай облысы қоғамдық кеңесінің» алғашқы жұмысы осы мәселеден басталуы керектігін де ескертіп қойды.

Ол жазбасына Абай облысы әкімдігінен дереу «Бұл Семей қаласының әкімшілік аумағы болғандықтан қаланың мамандарына жібердік. Кері байланыс үшін алғысымызды білдіреміз» деген қысқаша жауап қайтарылыпты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама