×

СҚО-ны Ресейге қосуға үгіттеген ерлі-зайыптылар сотталды

Оларға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

 Динара Амантай 03.08.2022 | 12:37
Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде еліміздің солтүстік аймағын Ресей Федерациясының құрамына қосу туралы мәлімдеме таратқан петропавлдық ерлі-зайыптылар 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Петропавл қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Қалалық соттың 2022 жылғы 30 мамырдағы үкімімен жергілікті ерлі-зайыптылар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 180-б. 2-б. сәйкес, телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, адамдар тобы жасаған Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмаушылық пен бөлінбеушілікті бұзуды және мемлекеттің ыдырауын насихаттағаны үшін кінәлі деп танылды.

2021 жылғы 11 желтоқсанда ерлі-зайыптылар П. телекоммуникация құралдарын пайдалана отырып, «Чат Рулетка» қосымшасында өз мәлімдемелері Қазақстан Республикасының аумағына қол сұғылмаушылығына және бөлінбеушілігіне қатысты оның тұтастығын бұзуға ықпал ететінін түсінсе де, Қазақстан Республикасының Солтүстік Қазақстан облысының Ресей Федерациясына қосылуын жақтаушы болып табылмайтын басқа тұлғаға ашық айтылған, Қазақстан Республикасының біртұтастығын сақтау тұрғысынан саяси және әлеуметтік тәуекелдерге әкеп соғатын әлеуметтік қауіпті мәлімдемелер жасаған, – делінген хабарламада.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, оларға тағылған әрекетті жасаудағы кінәсі іс материалдарымен толық расталып, ерлі-зайыптылардың кінәсі дәлелденді. Сотталушылардың өз кінәсін мойындамағанына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалу мән-жайлары жазылған бейнежазба іске қосылып, кешенді сот-психологиялық-филологиялық сараптама жүргізілді.

Прокурор сотталушылардың әрқайсысын 5 жылдан бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушылар кінәларын мойындамай, өздерін ақтауды сұраған.

Айта кететін жайт, экстремистік қылмыс ретінде сараланған бұл әрекет бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Жазаны тағайындау кезінде сот ҚК-нің 54-бабында көзделген, сотталушылардың қылмыстық жауаптылығын және жазасын ауырлататын мән-жайлардың іс бойынша жоқтығын ескерді. Бұған қоса іс бойынша ерлі-зайыптылардың Қылмыстық кодекстің 53-бабында көзделген қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты сот баптың 2-бөлігінде көзделген ауыр экстремистік қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылған сотталушыларға жазаның ең төменгі мөлшерін белгіледі.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 180-бабына сәйкес сотталушылардың әрқайсысына жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп хабарлады Петропавл қалалық сотының баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама