×

Коронавируспен күрес үшін 4 млрд теңгеге дәрі-дәрмек алып қойдық – министр

Бүгінде Қазақстанда 80 мың науқасқа жететін дәрі-дәрмектің қоры бар

 Дәурен Ерболат 02.08.2022 | 11:26
Фото: РИА Новости

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде коронавируспен күресу үшін 4 млрд теңгенің дәрісі сатып алынғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, министрлік қазіргі вирустың ерекшелігін, ведомствоның жүктемесін ескеріп, сарапшылармен бірге эпидемиологиялық жағдайдың болжамын жасаған.

Оған сәйкес тамызда коронавирустың орташа тәуліктік көрсеткіші 4 мың жағдайға дейін өседі, ал қыркүйекте төмендейді деп болжап отырмыз. Қазіргі таңда Қазақстанда халықты вакцинациялау және ревакцинация өткізу үшін коронавирусқа қарсы екпенің 3 түрі бар: QazVac, Sinopharm, Pfizer қолжетімді. Жалпы вакцинаның 1 млн 350 мыңнан аса дозасы бар, - деді министр Үкімет отырысында.

Ол үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан қосымша вакцина сатып алуға қолдау көрсетуін сұрады.

«Жылдың соңына дейін үздіксіз иммунопрофилактиканы қамтамасыз ету үшін 500 мыңдай QazVac екпесін алу және балалармен жүкті әйелдерге Pfizer вакцинасының 300 мың дозасын алу жоспарланып отыр. Оларды алуға сіздің қолдауыңызды сұраймыз», - деді Ажар Ғиният.

Министр коронавируспен күреске дәрі-дәрмектің қоры жеткілікті екенін атап өтті.

Бүгінде науқастарға дәрі-дәрмек қолжетімді. Ауруханаларда дәрі-дәрмектің 16 атауы бойынша 2 айлық қор қамтамасыз етілді. Емханалар мен амбулаторияда 1,3 млрд теңгеден асатын дәрі сатып алынып, қор жасалды. Ол 80 мың науқасқа жетеді. Қазіргі таңда қосымша бірыңғай дистрибьютор қоймаларына 4 млрд теңгеге дәрі-дәрмекті алып қойдық, - деді ведомство басшысы.

Ажар Ғиният бұл мәселе тұрақты бақылауда екенін жеткізді.

Айта кетейік, осыған дейін биыл коронавируспен күреске тағы 100 млрд теңге бөлінетіні хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама