×

Елордалық ерлі-зайыптылар әлеуметтік желі арқылы есірткі сатқан

Интернет-дүкеннен 3 келі мефедрон есірткісі тәркіленді

 Дәурен Ерболат 01.08.2022 | 13:20

Нұр-Сұлтанда Telegram арқылы синтетикалық есірткі сатқан ерлі-зайыпты ұсталды, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Астаналық полицейлер интернет-дүкен арқылы мефедрон сатылғанын анықтады. Күдіктілер оны аса ірі мөлшерде сатқан.

Тәртіп сақшылары сайт әкімшісінің кім екенін анықтағаннан кейін оның кіммен байланысқа шығатынын, есірткіні кім сататынын анықтау үшін оны бақылаған.

Нәтижесінде күдіктілер екі жерде ұсталды. Интернет-дүкеннің иесі синтетикалық есірткіні салып жатқанда қолға түсті. Сондай-ақ көліктен сатуға дайындалған мефедронның 60 түйірі табылды. Оны полицейлер қаңылтыр сыра банкісінен тапты, - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ пәтерден есірткі сатқан күдікті ұсталды. Ол сайттың әкімшісі болған. Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде мефедронның тағы 157 мөлшері, есірткі салынған пластикалық заттар әрі каннабис шайыры бар 886 желатин капсуласы тәркіленді. Сонымен қатар күдіктінің үйінен электронды таразылар, буып-түю ыдыстары, есірткіні өлшеуге арналған қасықтар және тағы басқа заттар табылды.

Полиция қызметкерлері ерлі-зайыптыдан 3 келі синтетикалық мефедрон есірткісін, 260 грамм каннабис шайырын тәркіледі, - деп жазылған хабарламада.

Бүгінде олардың қалада есірткі жеткізуге және сатуға қатысы бар басқа адамдармен байланысы тексеріліп жатыр.

Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі («Электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды заңсыз өткізу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Егер күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденсе, олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама