×

Қазақ оқушылар 1-сыныпта тек ана тілінде білім алатын болды

Ал орыстілді мектептерде 1-сыныпта орыс және мемлекеттік тіл қатар оқытылады

 Еркеғали Болатұлы 01.08.2022 | 11:40
фото: ашық дереккөз

Оқу-ағарту министрлігі 1-сынып оқушылары тек ана тілінде білім алатынын мәлімдеді. Бұл жаңалықты депутаттар да құптап отыр.

Миы әлі қалыптаспаған кішкентай ғана 6-7 жастағы баладан бірден ана тілінен бөлек, орыс, ағылшын тілін оқыту бірде-бір мемлекетте жоқ. Мен әлемнің бүкіл дамыған мемлекеттерінің білім жүйесін қарап көрдім. Соның ішінде екі тілді 1-сыныптан оқытатын екі-ақ ел бар екен. 2-сыныптан оқытатын 4 мемлекет бар, - дейді сенатор Мұрат Бахтиярұлы.

Оның айтуынша, осы мәселені Сенаттың 17 депутаты көтеріп, депутаттық сауал ретінде премьер-министрге жіберген. Үкімет ол ұсынысты биік мінберде екінші мәрте айтылғанда бір-ақ қолдапты.

Ой-санасы әлі толық қалыптаспаған балаға үш тілді қатар үйрену қиынға соғатынын тілтанушы ғалымдар да бұрыннан айтып келеді. Сондықтан әріппен енді танысқан жеткіншекке бірден қос шет тілін оқытудың қажеті жоқ.

Ана тілінің сөйлеу әрекетін 1-2 сыныптың соңында меңгеріп бітеді. Сол кезде бала ана тілінің төл сөйлеу әрекетін біледі. Өз жасының деңгейінде меңгереді деп айта аламыз. Осылайша шет тілін 3-сыныптан бастап енгізген дұрыс, - дейді тілтанушы ғалым Таңат Аяпова.

Еске сала кетсек, бұған дейін 1-сынып оқушылары ана тілімен қатар, орыс және ағылшын тілдерін оқып келген. Зерттеулер осыдан 6 жыл бұрын енгізілген бұл жаңашылдықтың тиімсіз екенін көрсетіп отыр. Оқу-ағарту министрлігі бұл тұста білім саласының ең озық елі деп танылған Финляндия, Жапония, Қытай сияқты шетелдік білім тәжірибесімен қатар, ғалымдардың зерттеуіне жүгінген.

Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, қазақ тілінде оқытатын мектептің 1-сыныбында сабақ тек қазақ тілінде өтеді. Ал 2-сыныпта орыс тілі, 3-сыныпта ағылшын тілі қосылады. Сондай-ақ орыс тілінде оқытатын мектептерде 1-сыныпта орыс және мемлекеттік тіл меңгеріліп, 3-сыныптан бастап ағылшын тілі қосылатын болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама