×

«Намысыма тиді»: Елжан Біртанов желіде тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Біртанов әлеуметтік желі мен мессенджерде тараған ақпаратты жоққа шығарды

 Айнұр Шошаева 30.07.2022 | 11:24
фото: Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасы

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов анонимді телеграм арналарда жарияланған жазбаға қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, адам өліміне себеп болғаны айтылған жазбаның артында Қаржы мониторингі агенттігі тұр. Бұл туралы Елжан Біртанов журналистерге берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Айта кетейік, телеграм арналардың бірінде денсаулық сақтау министрі кезінде Біртанов Тараздан елордаға онкологиямен ауыратын науқас және пневмонияның ауыр түріне шалдыққан әйелдің орнына санавиация ұшағымен жеткізілгені айтылған жазба тарады. Сондай-ақ жазбада науқас әйелдің елордаға жеткізілмегендіктен қайтыс болғаны жазылған.

Қазір Біртановқа қатысты істе Қазақстанның санавиациясын жеке мүддесі үшін пайдалануға эпизод қаралып жатыр. 2020 жылы экс-министр жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, өзін жайсыз сезінгендіктен ПТР-тест тапсырған. Коронавирус инфекциясы анықталмаса да, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жүгініп, елордаға санавиациямен жеткізілді. Елордада дәрігерлер министрдің коронавирус жұқтырып, пневмонияға шалдыққанын анықтады.

Telegram каналда жалған ақпарат шықты. Ол жайдан-жай шыққан жоқ. Мен туралы жалған мәлімет бұған дейін де жарияланды. Алайда кеше шығуы да тегін емес. Себебі кешегі сот отырысында санитарлық авиация бойынша куәгерлерді тыңдадық, барлығы жауап берді. Бұл ақпарат жүрегіме, намысыма тиді, - деді экс-министр.

Оның айтуынша, сотта оған санавиацияны жеке мүддесі үшін пайдаланды деген айып тағылмаған.

«Мен Тараздан елордаға басқа бір науқасқа арналған ұшақпен ұшты дегенге ешқандай дәлел жоқ. Бұл барып тұрған өтірік, мен ешқашан олай жасамас едім. Егер сондай әрекетке барсам, баяғыда-ақ жауапқа тартылып, түрмеде отырар едім. Қоғамнан оны жасыру мүмкін емес. Бұл өте ауыр айып», - деді ол журналистерге.

Сондықтан Елжан Біртанов ақпаратқа қатысты Бас прокуратура мен Президент әкімшілігіне шағымданғанын айтты. Оның сөзінше, жалған ақпарат таратушылар Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қоғамда қылмыскер, жемқор етіп көрсетуді көздейді.

Бұл жай ойын емес, заңбұзушылық. Бұл қоғам арқылы сот шешіміне ықпал ету мақсатында жасалып жатыр деп ойлаймын. Менің ойымша, бұл жазбаға Қаржы мониторингі агенттігі тапсырыс берген. Олар шындық ашылады деп қорқады. Сот отырыстарының біріне Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкері Арман Жүнісов қатысты. Заң бойынша бұған тыйым салынған», - деп толықтырды Елжан Біртанов.

Сондай-ақ Біртанов өзін саяси режимнің құрбаны санамайтынын айтты.

«...Біз сол кезде қолымыздан келген жұмысты істедік. Тек қалтасын толтырды деген айыптау халық шыңдықты білмеуі үшін әдейі істеліп отыр. Денсаулық сақтау саласында қылмыстық жолмен ақша тауып жүрген адамдарға кедергі келтірдік. Мұнда қандай да бір байланыс бар екенін жоққа шығармаймын. Өзімді саяси құрбан деп санамаймын. Иә, қателік жіберген шығармыз. Ол қателік үшін жауап беру қажет екенін білемін, алайда қылмыстық немесе жеке басымыздың мүддесін көздеу болған жоқ», - деп қорытындылады Елжан Біртанов.

БІРТАНОВҚА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Біртанов бұл қызметті ол 2017 жылдан бері атқарды.

Бұрынғы шенеуніктің ұсталғаны туралы қарашаның басында белгілі болды: сол айда Біртанов үй қамауына алынды. Бастапқыда Біртановқа мемлекет ақшасын жымқырды деген айып тағылды, алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін бес күн бұрын бап «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» деп өзгертілді.

Қаржы мониторингі агенттігінің пікірінше, Біртанов пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берді. Қазір платформа жұмыс істемейді, ал орындалмаған жұмыстардың құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланады.

Бұдан басқа Біртановқа өкілетін асыра пайдаланды деген тағы бір айып тағылған. Ол 2020 жылдың маусымында Тараздан Нұр-Сұлтанға жету үшін санавиация ұшағын заңсыз пайдаланған деген күдікке ілінді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама