×

Асыраушысынан айрылған отбасыларға берілетін жәрдемақының көлемі артты

Қазақстанда мұндай жәрдемақы 57 мың отбасыға беріледі

 Дәурен Ерболат 29.07.2022 | 14:42
Фото: avtoradio.kz

Биыл асыраушысынан айрылған отбасыларға берілетін әлеуметтік төлем 9%-ға артты. Бұл туралы «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры Нұрсұлу Кемел айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Оның айтуынша, асыраушысынан айрылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем балаға 18-23 жасқа дейін төленеді.

«Бұл төлем бала ата-анасынан айрылған жағдайда тағайындалады. Егер әкесі қайтыс болса, төлем анасына беріледі немесе керісінше. Жәрдемақы төлемі отбасындағы баланың санына қарай тек бір отбасыға тағайындалады», - деді бас директор бүгін өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 57 мыңнан аса отбасы асыраушысынан айрылғаны үшін берілетін әлеуметтік төлемді алып отыр.

Бір жылда кемінде 7 мыңға жуық жаңа әлеуметтік төлем тағайындалады. Бала 18-ге толғанда төлем автоматты түрде тоқтатылады. Былтыр асыраушысынан айрылғанда берілетін төлемге 27 млрд теңге, ал биыл 6 айда 18 млрд теңге жұмсалды, - деді бас директор.

Ол аталған әлеуметтік төлемнің көлемі артқанын атап өтті.

«2022 жылғы 1 қаңтардан бастап асыраушысынан және еңбек ету қабілетінен айрылған жағдайда берілетін төлем көлемі 5%-ға артты.  Сондай-ақ биыл 1 сәуірден бастап аталған төлемдердің көлемі тағы 4%-ға өсті. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда қарағанда 9%-ға артып отыр», - деді Нұрсұлу Кемел. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама