×

«Жер қыртысы жұтып алады»: сәулетші Алматыда 5 қабаттан жоғары үй салуға болмайтынын ескертті

Қала сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан

 Дәурен Ерболат 28.07.2022 | 17:47
Фото: kompastour.com

Қазақстан сәулетшілер одағының президенті Серік Сұлтанғали Алматыда биік ғимарат салуға болмайтынын, бұл жер сілкінісі болғанда қазақстандықтарға қауіп төндіретінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Алдымен ол елорда мен Алматының сыртқы келбетіне қатысты пікір білдірді.

Астана – жаңадан салынған қала. Оның сыртқы келбетіне көңілім толады, бірақ Алматының сыртқы келбетіне көңілім толмайды. Себебі бұл қала сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Алматыда бес қабаттан жоғары үйді салуға болмайды. Тіпті, Кеңес одағында сондай заң болатын, - деді Сәулетшілер одағының президенті ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін бұл талап орындалмайтын болған.

Қазақстан егемендігін алғаннан кейін Жапония технологиясы бойынша ғимарат салу деген шықты... Алматының жерін Кұдай сақтасын. Карта микросейсм реагирования деген бар. Онда қаладағы барлық қауіпті жер учаскесі көрсетілген. Ғимаратты жапон технологиясымен салсаң да жер қыртысының жарылған жері деген бар. Онда жер сілкінбейді, жер қыртысы ашылады да үйді жұтып алады, - деді Серік Сұлтанғали.

Сондай-ақ ол Алматыда биік ғимараттар жер сілкінісі кезінде тұрғындарға қауіп төндіретінін атап өтті.

«Алғаш рет тәжірибе жасалып, Алматыда 26-қабатты «Қазақстан» қонақ үйі жапон технологиясы бойынша салынды. Ғимарат 6 балдық жер сілкінісіне төтеп берді. Алайда осы ғимараттан 10 метр жерде жер қыртысының жарылған жері болуы мүмкін. Бұл карта (карта микросейсм реагирования) бар», - деді сәулетші.

Серік Сұлтанғали Қазақстан нарықтық экономикаға өтіп, арзан кредит беріле бастағанда банкирлер жер учаскелерін алып, құрылыспен айланыса бастағанын атап өтті. Оның арасында қауіпті жер учаскерлері де болуы мүмкін.

Сондай-ақ сәулетші Алматыда 1 сотық жердің бағасы 300 мың долларға жеткен кездер болғанын да есіне алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама