×

Елордада бүлдіршінді ұрған балабақша тәрбиешісіне айыппұл салынды

Сотталушы жасаған ісіне өкінетінін айтқан

 Дәурен Ерболат 28.07.2022 | 12:21
Фото: nvdaily.ru

Нұр-Сұлтанда бүлдіршінді ұрған балабақша тәрбиешісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды елордалық соттың баспасөз қызметі.

Айта кетсек, биыл 7 маусымда қаладағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиеші баланы жарақаттаған болатын.

Бұл дерек бойынша учаскелік инспектор тәрбиешінің тұрғылықты жері бойынша әкімшілік іс қозғады. Оның әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабы 1-бөлігі бойынша («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») сараланды. Сот отырысында құқықбұзушы К. кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді, - деп жазылған хабарламада.

Сот К-ні кінәлі деп танып, оған 15 АЕК көлемінде (45 мың 945 теңге, 1 АЕК – 3 мың 63 теңге) айыппұл салды.

«Сот жазаны жеңілдететін жағдай ретінде К-нің баласының болуын және өз кінәсін мойындауын ескерді. Ал жазаны ауырлататын мән-жай ретінде жас балаға қатысты құқықбұзушылықтың жасалуы ескерілді», - деп жазылған хабарламада.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама