×

Үштөбедегі православ зиратын қиратты деген күдікпен психикалық ауытқуы бар тұрғын ұсталды

34 жастағы тұрғынның анасы қала тұрғындарынан кешірім сұрады

 Халық үні 31.01.2022 | 12:04

Алматы облысының полицейлері Үштөбе қаласындағы зираттарды қиратты деген күдікке ілінген тұрғынды ұстады. Православ зиратын қиратты деген күдікке ілінген азамат – психикалық ауытқуы бар 34 жастағы Үштөбе қаласының тұрғыны екен.

Ұсталған адамның қылмысқа қатысы бары куәгерлердің айғақтарымен және іс бойынша тағайындалған сараптаманың нәтижелерімен расталмақ.

Үштөбе қаласындағы зираттарды қирату фактісі 16 қаңтарда болған. Нәтижесінде 14 жерлеу орны бүлінген және қираған, олардың металл қоршауы қиратылып, ағаш және темір крестері сындырылған. Құлпытас жазбалары мен зират басына қойылған гүл шоқтары жан-жаққа шашылған. Бүлінген зираттар қорымның шет жағында орналасқан.

«Қайтыс болғандардың туыстарына хабар берілді. Тексеру барысында ұрлық деректері анықталмады. Күдіктінің анасы (60 жаста) ауыр психикалық ауытқуы бар ұлының әрекеті үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрады. Қаратал ауданының полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 294-бабы («Тағылық) дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жалғастыруда», - деп хабарланды Алматы облысы ПД баспасөз қызметінен.

Күдіктінің психикалық жай-күйі ескеріліп, 34 жастағы тұрғын облыстық психоневрологиялық диспансерге орналастырылған.

Еске салайық, Алматы облысындағы православ зиратын қиратқан бұзақыларды қылмыстық жауапқа тартуды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама