×

Солтүстікте Ресейден келетін арзан өнімдер кәсіпкерлерді банкротқа ұшыратып жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында ет өнімдерін шығаратын 15 кәсіпорынның жартысы жабылған

 Самат Жақып 27.07.2022 | 16:15
Halyq Uni / Samat Zhaqyp

Солтүстік Қазақстан облысында ет өңдейтін кәсіпорындар жаппай банкрот болып жатыр. Өңірдегі 15 кәсіпорынның жартысы жабылып қалған. Себебі өңірдегі бөлшек саудада көрші Ресейден келетін арзан өнімдер қаптап кеткен, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Теріскейде отандық тауарға сұраныс төмендеді. Салдарынан жергілікті кәсіпкерлер шығынға батып жатыр. Ал халық болса, отандық емес, импорт тауарларды сатып алып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, өңірде ет өңдеу саласы тұралап қалуы мүмкін. Қазір өңірде өз дүкендері бар кәсіпорындар ғана жұмысын жалғастырып жатыр. 

«Қазір бөлшек сауда желілері ақшаны бізден көп табады. Олардың діттеген мақсаты да сол. Біз сияқты кәсіпкерлерден 25%-ға дейін жеңілдік сұрайды. Тауар бағасын түсірмесек, өнім сөреге қойылмайды. Мен басқарып отырған кәсіпорында шамамен 150-ден астам ет өнімі дайындалады. Ал оның тек 3-4 түрі ғана қаладағы ірі супермаркеттерде саудаға қойылған. Ал қалғанын өзіміздің дүкендерде сатуға мәжбүрміз. Ресейдің арзан шұжығымен бәскекелесе алмай қалдық. Олардың бізге жіберіп жатқан өнімдерін шұжық деп айтуға келмейді. Толған химия. Сәйкесінше бағасы біздің өнімге қарағанда әлдеқайда арзан. Халық арзан дүниені алады», - дейді Солтүстік Қазақстандағы ірі ет өңдеу кешенінің директоры Серік Илиясов.

Қазір нарық импорт тауарларға тәуелді. Себебі шетелден жеткізілетін тауар қаптады. Отандық өнімнің бағасын арзандату да мүмкін болмай тұр. Себебі ет өнімдеріне қажет қамтамалар Ресейде жасалады. Рубльдің тұрақсыздығы кәсіпкерлердің қалтасын қағып отыр.

«Қазір супермаркеттермен арада әріптестік жоқ. Олар керісінші Ресей кәсіпкерлерімен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Салдарынан арзан өнімдер көбейді. Ал біз болсақ, өз тауарымызды Ресейге де шығара алмай жатырмыз. Сондықтан жағдайды реттемесек, ертең барлық кәсіпорын жұмысын тоқтатуы мүмкін», - дейді кәсіпкер Светалана Меденникова.

Қазір өңірде ет өңдейтін 15 кәсіпорынның жартысы ғана жұмыс істеп тұр. Олардың өзі өндіріс көлемін азайтқан. Тығырыққа тірелген соң ет өндірушілер кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

«Бұл мәселе кәсіпкерлерді қатты алаңдатып отыр. Біз нарықты толық зерттеп, зерделедік. Енді бұл мәселе бойынша орталық аппаратқа шығуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін тиісті құжаттың барлығын жинадық. Бұл сұрақты республикалық деңгейде қарастыруымыз қажет. Себебі мұндай мәселе басқа облыстарда да болуы мүмкін», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақов.

Кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қолдау қажет екенін айтады. Өйткені жақын арада жағдай реттелмесе, келешекте азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыру қиынға соғуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама