×

Алаяқтықпен ұсталған Қызылорда облысы экс-әкімінің жазасы жеңілдеді

Ол «белгіленген ішкі тәртіп ережелері мен режим талаптарын» бұзбаған

 Еркеғали Болатұлы 26.07.2022 | 16:43
фото: ашық дереккөз

Қызылорда қаласы №2 сотының мәлімдеуінше, үкім өзгертіліп, облыстың 2020 жылы 7 жылға сотталған экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарған.

«Қызылорда облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші үкім өзгеріссіз қалдырылды. Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен жаза тағайындау бөлігіндегі үкім өзгертіліп, бас бостандығынан айыру мерзімі 6 жылға дейін қысқартылды. Ысқақов соттан жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен, яғни айыппұл немесе бас бостандығын шектеу түріндегі жазамен ауыстыруды сұрады», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ЗК-169/5 колониясының өкілі сотталғанға ұсынылған мінездемені қолдап, жазаны өтеу барысында экс-әкімнің «белгіленген ішкі тәртіп ережелері мен режим талаптарын» бұзбағанын нақтылады.

Сот оған қатысты екі жеңілдету шарасын қолданды. Жазасын жеңіл жағдайда өтеп жатыр, дәрежесі екінші оң, қылмыспен келтірілген мүліктік залал, мемлекеттік баж, мемлекет кірісіне процессуалдық шығындар және өтемақы толығымен өтелді. Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзу дерегі жоқ, - деп жазылған хабарламада.

Бұл ретте жазаның өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза – 3 жыл 11 ай 12 күн мерзімге бас бостандығын шектеумен ауыстырылып отыр. Қосымша жаза түрін өтеуден босатылмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама