×

Елімізде 4 миллионға жуық әке алимент төлеуден жалтарып жүр

Биылғы 6 айда неке және отбасы дауларына қатысты 23 755 азаматтық іс қаралды

 Динара Амантай 25.07.2022 | 17:02
Фото: regtv.kz

Қазақстанда некені бұзу туралы азаматтық істер Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жиі тіркеледі, ал 4 миллионға жуық борышкер алимент төлеуден жалтарып жүр. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру басқармасының басшысы Дамиля Хамитова мәлімдеді.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, биылғы 6 айда сот неке және отбасы дауларына қатысты 23 755 азаматтық іс қарап, 22 341-ін қанағаттандырған. Оның ішінде некені бұзу туралы 18 282, алимент өндіру бойынша 1 510 азаматтық іс қанағаттандырылды, – деді ведомство өкілі.

Ең көп некені бұзу туралы азаматтық істер Алматы қаласында (2564), Алматы облысында (2048), Нұр-Сұлтан қаласында (1604), Қарағанды облысында (1538) тіркелген. 2021 жылдың жарты жылымен салыстырғанда Алматы қаласында 8%-ға, Нұр-Сұлтан қаласында 2%-ға неке бұзу деректері артса, қалған өңірлерде ажырасу саны азайған.

«Отбасының ажырасуы кәмелетке толмаған балаларға ауыр соққы болары анық. Әкелердің өз ұрпағына қайырымсыз болуы ана мен баланың тұрмыстық жағдайын нашарлатады. Қазір республика бойынша 3 949 027 борышкер сот орындаушының есебінде тұр. Оның 133 мыңнан астамы ғана алиментті өз еркімен төлейді, қалғаны түрлі себеппен алимент төлеуден жалтаруда», – деді Дамиля Хамитова.

Оның айтуынша, қазірге дейін алимент төлеуден жалтарып жүргендерге қатысты шет елге шығуға, банк операцияларын жасауға, шоттарындағы қаражатты пайдалануға, мүлікке тыйым салу сияқты шектеулер қойылған. Сонымен бірге, жұмыссыз борышкерлерді тұрақты түрде жұмыспен қамту шаралары қабылданып жатыр.

«Осы тұрғыда ана мен балаға қатысты құқықбұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауапкершілігін күшейту үшін бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар енді. Кей борышкерлер баланың кәмелет жасына толғанын күтіп, берешектен құтыламын деген оймен алимент төлемеуі мүмкін. Баланың кәмелет жасына толғаны борышкерді берешектен босатпайды. Ерлі-зайыптының ойлары мен мақсаттары бір арнаға тоғыспай ажырасуына бала кінәлі емес. Сол себепті, ана қолында қалған ұрпағына әкесінің моральдық, материалдық жәрдем көрсетуі – оның парызы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы – жас ұрпақ. Баланың білімді, денсаулығы мықты азамат болып өсуі үшін ата-ана некесін бұзса да, теңдей қамқорлық жасағаны абзал», – деді басқарма басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама