×

Елдегі жаппай бүлікті тергейтін сот сарапшыларының саны артты

68 сот сарапшысынан тұратын резерв құрылды

 Халық үні 28.01.2022 | 10:30
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда тәртіпсіздіктер мен тонау жағдайларын тергеу аясында жұмыс істейтін 68 сот сарапшысынан тұратын резерв құрылды.

Алматы қаласында 33 сот сарапшысы қаңтар айындағы оқиғалар кезіндегі тәртіпсіздіктер мен тонау жағдайларын тергеу аясында жұмыс істеп жатыр. Сараптаманы 19 жергілікті және басқа өңірлерден іссапарға жіберілген 14 маман жүргізіп жатыр. Осылайша, сот сарапшыларының жүктемесі қалыпты шегінде, қағазбастылыққа салыну және жұмыс мерзімін кешіктіру жағдайлары жоқ, – дейді үкімет.

Жалпы, Алматы қаласында 5 бағыт бойынша, атап айтсақ, құрылыс, тауартану, өрт техникалық, баллистикалық және экономикалық сараптамалар жүргізілуде. 

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың тапсырмасы бойынша жедел тергеу мақсатында Әділет министрлігі 68 сот сарапшысынан тұратын қосымша резерв құрды. Олардың көпшілігі экономикалық сараптамаға маманданған.

2021 жылғы 31 қаңтардан бастап резервтегі мамандардың бір бөлігі өңірге жіберіледі. Қалғандары тиісті органдардың сот сараптамасын тағайындауына қарай жұмысқа тартылады.

Осындай сараптамалық жұмыстар Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында да жүріп жатыр.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама