×

Украинада 15 мың ресейлік әскер қаза тапты - Орталық барлау басқармасы

УҚК дерегінше, соғыста РФ тарапынан 39 мыңға жуық әскер көз жұмған

 Дәурен Ерболат 21.07.2022 | 10:29
Фото: AFP

АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры Уильям Бернс Украинадағы соғыста Ресейдің 15 мың әскерінен айырылғанын айтты, деп хабарлайды BBC.

Барлау қауымдастығы берген соңғы мәліметке сәйкес, шамамен 15 мың адам қаза тапты, жараланғандар саны бұдан 3 есе көп, - деді директор Аспенде өткен қауіпсіздік форумында.

Алайда Уильям Бернс соғыста қанша украин сарбазы көз жұмғанын айтқан жоқ.

«Украиналықтар да зардап шекті. Олардың саны бұдан аз болуы мүмкін. Алайда мұның өзі айтарлықтай шығын», - деді Орталық барлау басқармасының басшысы.

Айта кетсек, бұған дейін Украина қарулы күштерінің бас штабы соғыста шамамен 38 750 ресейлік әскер көз жұмғанын мәлімдеген еді. Ал биыл маусымда Ұлыбританияның барлау қызметі Ресей тарапынан 15-20 мың адам қаза тапқанын хабарлады.

Ресей Қорғаныс министрлігі соңғы рет 25 наурызда 1 351 әскер көз жұмды деп ақпарат таратқан.

BBC-дің орыс қызметі, «Медиазона» (Ресейде «шетелдік агент» деп танылған) және еріктілер тобы соғыста қаза тапқандар туралы ашық дереккөзден мәлімет жинайды. Бірақ ол толық емес. Осыған қарамастан 8 шілдедегі жағдай бойынша соғыста қаза тапқан 4 515 адамның есімі белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама