×

Шымкентте 12 жастағы оқушы егіз бауырларын өрттен аман алып қалды

Үй толығымен өртеніп кеткен

фото: otyrar.kz

15 шілдеде Шымкент қаласындағы «Қайнарбұлақ» саяжайында орналасқан үйден өрт шығып, 12 жастағы оқушы егіз бауырын өрттен құтқарған. Бұл туралы үш баланың анасы Мария Саворовская айтып берді.

Анасының айтуынша, үлкен қызы екі бауыры жатқан бөлмеде өрт басталғанын байқаған. Өртті өз бетімен сөндіру әрекеті нәтиже бермеген соң, інілерін біртіндеп далаға алып шыққан. Ал, өрт шыққан сәтте балалардың ата-анасы сүт алып келу үшін көрші үйлердің біріне кеткен.

«Шынымды айтсам, мен өзім шошып кеттім, ол бала ғой, ол да қорқып кетуі, қашып кетуі мүмкін еді. Осы оқиғадан кейін ұзақ уақыт бойы оның аяқ-қолы дірілдеп тұрды. Қатты қорқып қалған. Содан кейін біз балаларды көршіге апардық, үй толығымен өртеніп кеткенін айтпадық», - деп еске алады Мария Саворовская.

Анасының айтуынша, егер өрт газ баллоны тұрған ваннаға жетсе, үй жарылып кетер еді. Ал, Төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына тез жеткенімен, оған дейін жалынның беті қайтқан.
Қиын жағдайға тап болған отбасы мүшелері жанашыр азаматтардың бірі ұсынған уақытша баспанада тұрып жатыр. Қайырымды жан бұл отбасын біраз уақытқа жететін азық-түлікпен де қамтамасыз еткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама