×

Петропавлда су тарифінің не себепті қымбаттағаны белгілі болды

Шаһарда су құбырының 58% әбден тозған

 Самат Жақып 19.07.2022 | 11:28
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында коммуналдық тариф қымбаттады. Петропавл қаласының тұрғындары үшін суық су үшін төлемақы 4 теңгеге өсті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Шаһарда соңғы рет су бағасы 2018 жылы бекітілген. Ол кезде баға 5 теңгеге өскен болатын. Ал жаңа тариф бес жылға бекітілген. Дегенмен ол инфляцияға байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Енді осы айдан бастап облыс орталығының халқы судың әр текше метрі үшін  76,4 теңгеден төлейтін болады. Бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарға бекітілген баға - 1064 теңге, ал заңды тұлғалар мен басқаларына - 356,3 теңге.

Қаланы таза сумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар су» кәсіпорны тарифті көтеруге мәжбүр болған. Себебі облыс орталығындағы су желілерін ауыстыруға мемлекеттен миллиондаған қаржы алған. Енді соларды уақытылы қайтару қажет. Яғни берешек тұрғындар есебінен өтеледі. Жалпы бүгінгі күні қалада су құбыры- 58%, ал кәріз желілері  - 67% тозған. Сондықтан оларды уақытында жаңалау қажет. 

«2011-2012 жылдары қалада жылына шамамен 500-ге дейін апат болатын. Былтыр 137 рет  шақырту түсті.  Ал биыл алты айда 47 жағдай тіркелді. Бұл дегенеміз жыл сайын апат саны қысқарып жатыр деген сөз. Яғни, біз шамамыз келгенше желілерді жаңалап жатырмыз. Сапаны жақсарту үшін желілерді ауыстыру, жөндеу жұмыстары жалғасын табады. Бүгінде қаладағы су құбырларының жартысынан астамы жаңалауды қажет етеді. Кәріз жүйесі тағы бар. Сондықтан жаңғырту жұмыстарын тоқтатуға болмайды», - дейді «Қызылжар су» серіктестігінің атқарушы директоры Арман Саутов.

Коммуналдық мекеме өкілдері 2022 жылға арналған тарифтерді былтыр Табиғи монополияларды реттеу департаменті бекіткенін айтып отыр. Алайда қаңтар айында Мемлекет басшысы коммуналдық тарифтерге мораторий жариялаған болатын. 

Мұнымен қоса биыл қалада қоқыс тарифі де көтерілуі мүмкін. Себебі олар да әбден шығынға батып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама