×

Қаңтар оқиғасы: Шымкентте 3 адам бас бостандығынан айырылды

Олар Назарбаев даңғылының бойында адамдарды тәртіпсіздікке шақырып, саяси дүрбелең туғызған 

фото: Halyq Uni

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 15 шілде күнгі үкімімен Қаңтар оқиғасына қатысқан 3 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада айтылды.

Күдіктілер ҚР ҚК-нің 272-бабының 2,3-бөліктерімен кінәлі деп танылды. Тексеру барысында олардың полиция басқармаларының ғимараттарын өртеу, басып алу, жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды шабыттандыру, адамдарды қаруландыру, қаржыландыру, арнайы техникалардың жүруіне кедергі жасау үшін жүк көліктерімен ірі және майда тастарды төгу туралы ұялы байланыс арқылы сөйлескендіктері анықталған.

Күдіктілердің 2021 жылы ҚР ҚК-нің 405-бабында (экстремистік қылмыстарды) қарастырылған қылмыстарды жасағаны, пробациялық бақылаудың есебінде тұрғаны, алдын жасаған қылмыстарынан нәтиже шығармағандары белгілі болды, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, қаңтар айының 5-нен 6-на қараған түні Шымкент қаласы әкімшілік ғимаратының алдында жаппай тәртіпсіздік болған. Назарбаев даңғылының бойында «Рупор» дыбыс үлкейткіш құралын пайдалану арқылы ұйымдастырушылар адамдарды тәртіпсіздікке шақырып, саяси дүрбелең туғызды.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, полиция қаңтар оқиғасы бойынша 4 642 қылмыстық іс қозғады. Полиция тергеушілері 15 мыңдай адамнан жауап алды. 35 мыңнан астам тергеу амалдары мен 2,5 мыңдай сараптама жасалды.

Қаңтар оқиғасында 1 731 адам зардап шегіп, 343 млн теңгеден астам сомаға келтірілген зардап өндірілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама