×

Педагогтердің дені жоғары жалақыға лайық емес - ұстаз

Мұғалімдердің жалақысы өскенімен, оны инфляция «жеп қойып» жатыр

 Наима Нұрәлі 13.07.2022 | 17:35

Тарих пәні мұғалімі Өмірбек Шыныбекұлы Halyq Uni тілшісіне педагог жалақысы артқанымен, қымбатшылық азық-түлік дүкендеріне соңғы тиынынына дейін санап беруге мәжбүрлейтінін айтып налыды. Жалақымен қоса бағаның да шарықтауы мұғалімдерді одан сайын титықтатып жіберітінін жеткізді.

«Иә, соңғы жылдарда мұғалім жалақысы біршама өсті. Өкінішке қарай, бізде жалақымен бірге тауар бағасы да тым қымбаттап кетеді. Инфляция көтерілген жалақыны «жеп қойып жатыр». Екінші мәселе, айлық өссе де, біліктілік артпай отыр. Сол жалақыға көп мұғалімнің кәсібилігі сай келмейді», деді Өмір Шыныбекұлы.

Ал Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы болса, сапалы білімді көздесек, мұғалімдерге қарағанда мектеп директорларының жалақысын арттыру керек деп отыр.

«Мектеп басшылығына білікті маман тартпасақ, мың жерден мықты бұйрық шыққанымен орындалмайды. Мен 280 мың теңге жалақы аламын. Оның өзі сабақ беретіндіктіктен солай шығып тұр. Ал таза директор ретінде айтсам, жалақым 145 мың теңге. Бұл 280 мың теңге осы мектепке келіп-кету мен асханадан ішетін тамағымнан артылмайды. Мен ғана емес, республика бойынша үш жыл категориясы жоқ басшылардың жалақысы осы», деді Аятжан Ахметжанұлы.

Мектеп басшысы директорларға кем дегенде 700-800 мың теңге жалақы төленуі керегін айтады.

«Өйткені олардың арқалайтын жүгі ауыр. Мәселен, мектеп мұғалімдері сабағын өткізіп болса, түстен кейін үйіне қайтып кетуіне мүмкіндік бар. Ал басшы мен оның орынбасарына ондай жеңілдік жоқ. Екі ай көлеміндегі еңбек демалысына да ұстаздар ғана шығады. Еліміз мұғалімдердің жалақысына көңіл бөлді. Жас маман 200 мың теңгеге жуық жалақы алады. Ең көбі 550 мың теңге. Алайда мұндай жалақы алатындар саны саусақпен санарлық», деді Аятжан Ахметжанұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама