×

«Астығымызды улаймыз дейді»: ауыл халқы жайылымға диқандарды жолатпай жатыр

«Тасжолды жабамыз», «тракторшыны сабаймыз», «күзет қоямыз», «кісі өлімі болады» деп шуласып жатыр жұрт

 Еркеғали Болатұлы 13.07.2022 | 11:12
фото: ашық дереккөз

Ақмола облысындағы Ақадыр ауылында жер дауы ушығып барады. Тұрғындар ауыл іргесіндегі 1,5 мың гектар жайылымды 49 жылға жалға алған серіктестікке бермейміз деп отыр. Өйткені бұл жер жекенің қолына өтсе, төрт түліктің тебіндейтін жайылымы тарылады. Сондықтан жайылымды жыртып, егін екпек болған «BAYAT – AGRO» серіктестігінің техникаларын тоқтатып, 500-ге жуық тұрғын өре түрегелді деп хабарлады КТК телеарнасы.

Малмен жан бағып отырған Ақадыр ауылынан өріске 5 табын шығады екен. Елден 200 метр ғана жердегі жайылымды жыртып, егістікке айналдырса, онда күкөрісіміз қиындайды дейді ауыл жұрты. Сондықтан жайылымнан қайтсе де айрылғылары жоқ.

Облыс орталығынан небәрі 25 шақырым жердегі Ақадыр ауылы ыдырап, халық қалаға үдере көшкенде Моңғолиядан 100 отбасы осы жерге қоныс аударыпты. Содан бері 25 жыл өтіп, таза қазақи ауылда мал мен жан басы да көбейген. Тіпті жаңадан мектеп салынып, 120 бала білім алып жатыр екен. Енді айрандай ұйған ауылдың тыныштығын трактордың дауысы бұза бастады. Ауыл іргесіндегі жайылымды жыртып, егін себеміз деген серіктестікпен халық күнде айқайласады екен. «Тасжолды жабамыз», «тракторшыны сабаймыз», «күзет қоямыз», «кісі өлімі болады» деп шуласып жатыр жұрт.

Біз Үкіметтен ешқандай тамақ, киім сұрамаймыз. 25 жыл ақша сұрап, есігін қағып көрген жоқпыз. Неге біздің іргемізді басып келеді? Мынау енді ұят қой, - дейді ауыл тұрғыны Қайрат Жәуенұлы.

Өрісі малға толы ауыл халқы ет пен сүтті де, қымызды да қалаға апарып өткізеді екен. Сары қымыз сапырған ақадырлықтар жайылымын сырттан келгендерге бермес үшін күзет ұйымдастырған. Облыс, аудан басшыларына да талай шағым айтқанмен, олар жекеге 49 жылға жалға өтіп кеткен жерге араша түсе алмаймыз деген. Ал егістік үшін осынша жайылымды алған серіктестік ауыл тұрғындарының қарсылығынан үшінші жыл қатарынан егін себе алмай жүргенін айтады.

Бұл жерді 2019 жылы сот орындаушылары сатылымға шығарып, екінші деңгейлі банктен алдық. Осымен бірнеше рет ауыл тұрғындарымен кездесіп, егін себетінімізді айтып едік, мүлдем жақындатпайды. Бізге тап беріп, тыңдағысы жоқ. Тіпті егін сепсек, астығымызды улаймыз дейді. Біз бұл жерді мақсатты пайдаланбаған соң, инспекциядан айыппұлға ұйғарым алдық. Уақыт өте берсе, тіпті айрыламыз, - дейді «BAYAT – AGRO» ЖШС директоры Руслан Хайбулин.

Соңғы 25 жылда егін себілмегенмен, бұл жерлер кезінде егістік алқабы болған екен. Сондықтан енді тұрғындардың қарсылығына қарамай, биыл топырақты қопсытып қоямыз дейді серіктестік өкілдері. Алайда ауыл халқы жайылымды жата-жастана қорғап, техниканы жақын жолатпаймыз деп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама