×

Елімізде 800 мыңнан аса ауыл тұрғыны жылжымалы медициналық қызметке жүгінген

ЖМК қызметімен 14 530 елді мекен қамтылды

 Динара Амантай 13.07.2022 | 09:55
Фото: gov.kz

Шалғай аудандардың тұрғындары 2022 жылдың 6 айында жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздардан 1,4 млн-нан астам медициналық қызмет алды. Бұл туралы ДСМ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде 149 жылжымалы медициналық кешен мамандардың медициналық қызметтерін және кең бейінді диагностикалық қызметтерді ұсынады. 2022 жылдың жарты жылында ЖМК қызметімен 14 530 елді мекен қамтылды және 822 325 ауыл тұрғынына қызмет көрсетілді. Оның ішінде 358 181 диагностикалық зерттеу, 222 485 зертханалық зерттеу, 787 292 бейінді мамандардың консультациясы жүргізілді, 50 689 науқас анықталып, 12 883 адам есепке алынды. Сондай-ақ, шалғай елді мекендердің тұрғындары медициналық пойыздардан медициналық тексеру мен диагностика алады.

Естеріңізге сала кетсек, «медициналық пойыздар» жобасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» Корпоративтік қорымен бірлесіп жүзеге асырылып отыр.

23 мамырдан бастап "Жәрдем" медициналық пойызы жоспарланған 79 станцияның 24 тұрғындарын тексерді, оның ішінде 8036 тұрғын, 3255 бала тексерілді. Дәрігерлік қабылдау-34 911, шағын хирургиялық операциялар-138. Өз кезегінде «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жоспарланған 68 станцияның 11-нің тұрғындарын тексерді, оның ішінде 1781 тұрғын, 246 бала тексерілді. Дәрігерлік қабылдау - 1781, шағын хирургиялық операциялар - 195.

Жалпы, медициналық пойыздар 366 мыңнан астам адамды медициналық қызметтермен қамтиды, ал дәрігерлік келушілердің саны 100 000-ды құрайды деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауыл тұрғындары үшін ауруларды анықтауға арналған кәсіби тексерулердің тізбесі кеңейтілді. Тиісті бұйрықты Денсаулық сақтау министрлігі бекітті.

Осылайша, ауыл тұрғындарын профилактикалық тексеруді жүргізу үшін 18 жастан 29 жасқа дейінгі жаңа нысаналы топты анықтау есебінен жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті, асқазан мен бүйректің созылмалы ауруларын ерте сатысында анықтау мақсатында халықты қамтуды ұлғайту көзделген. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына асқазан-ішек жолы, зәр шығару жүйесі, ересек жастағы топтағы туберкулез және қуықасты безі обырын ерте анықтау қызметтері кеңейтілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама