×

Түркістанда 752 жұмысшы жалақысын ала алмай жүр

Мекеме басшылығы қызметкерлеріне 230 млн теңгеден астам үш айлық жалақысын төлемеген

 Динара Амантай 12.07.2022 | 15:17
Фото: ortcom.kz

Түркістан қаласындағы «Ақжол» ЖШС-ның жұмысшылар алдындағы үш айлық жалақы қарызы 232 млн 449 мың теңге болғаны анықталды. Бұл туралы облыстың еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы м.а. инспекторы Аскар Сейтказин аталмыш жағдайға байланысты өткен брифингте айтты.

Бір апта бұрын Түркістан қаласындағы «Ақжол» ЖШС жұмысшылары 4 айдан бері жалақыларын ала алмай отырғандығын айтып, наразылыққа шыққан болатын. Тіпті, уақытылы жалақы берілмесе, жұмысқа шықпаймыз деп шағымдарын жеткізген еді.

Мекеме жұмысшылары еңбек инспекциясына шағымданды. Сәйкесінше тексеру жұмыстары жүргізіліп, «Ақжол» ЖШС басшылығы қызметкерлеріне наурыз, сәуір, мамыр айларында 752 қызметкерге 232 млн 449 мың теңге айлық жалақыны төлемегені анықталды, – деп мәлімдеді Асқар Сейтқазин.

Оның айтуынша, мекеме басшылығына еңбек инспециясы тарапынан арнайы нұсқама берілді. Одан бөлек, заңды тұлғаға әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Инспектор жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтып, егер нұсқама уақытылы орындалмаса, іс сот орындаушыларға өткізілетінін ескертті.

Бұған қоса қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков аталмыш жағдайға байланысты пікір білдірді.

«Көтеріліп отырған мәселеде «Ақжол» ЖШС бас мердігер емес, қосалқы мердігер ретінде жұмыстар жүргізген. Алдағы уақытта серіктестік өздерінің атқарған жұмыстарын бас мердігерге толыққанды дәлелдеп берген жағдайда айтылған соманың барлығы төленеді» – деді қала әкімі.

Сонымен қатар қаланың бас прокуроры Ахметбек Жаннұр егер бөлінген қаражат басқа мақсаттарға жұмсалғаны салдарынан айлық жалақының төленбегені анықталса, мекеме басшылығын қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделгенін атап өтті. Алайда тексеру кезінде бұндай фактілер анықталмағанына назар аударды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама