×

Қаңтарда қару ұрлады деп айыпталған Әлібек Иманбеков 6 жылға сотталды

Әлібек Иманбеков сот шешімімен келіспейтінін ашық айтты

 Халық үні 11.07.2022 | 11:57
сотталушы Әлібек Иманбеков

Бүгін Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Әлібек Иманбековты кінәлі деп танып 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Иманбековтың өзі сот шешімімен келіспейді. Оның сөзінше, сот барысында өзінің кінәсіз екендігін дәлелдейтін барлық айғақтар көрсетілген.

Сотта келтірілген дәлелдердің барлығы менің таныс достарымды қинау арқылы алынған дәлелдер. Сотта соның барлығын айттық, түсіндірдік. Бірақ аяғы осындай болып тұр. Айтарға сөзім жоқ. Мен сот шешімімен келіспеймін, - деді Иманбеков.

Адвокат Гүлнара Жуаспаева осындай үкім шығаратын болса сот процесі не себепті бірнеше рет кейінге шегерілгенін түсінбейтінін айтады. Оның сөзінше, сот айыптаушы тарапқа толықтай тәуелді және Иманбековты ақтау жөнінде нұсқау түспегеннен кейін осындай шешім шығарған.

«Сот осындай шешім шығаратын болса не себепті процесті бірнеше рет кейінге қалдырды? Біз сот көрсетілген дәлелдерді қабылдамайды деп үміттендік. Тергеуде келтірілген дәлелдердің барлығында процессуалдық заң бұзушылықтар бар. Оларды дәлел деп айтуға келмейді. Егер сот шын мәнінде Қылмыстық кодексті басшылыққа алған болса, онда оны (Иманбековты – ред) бүгін босатуы керек еді. Бірақ бүгінгі таңда ондай нұсқау жоқ сияқты. Біздің сот толықтай айыптаушы тарапқа тәуелді. Прокурор қанша сұрады, сонша берді. Біз де апелляциялық шағым түсіреміз. Бірақ мынандай қарым-қатынаспен бірнәрсеге қол жеткіземіз деп айта алмаймын», - деді Жуаспаева.

Қаңтар оқиғасына байланысты соттарды бақылап жүрген құқық қорғаушы Ринат Рафқат Қазақстанда әділ сот заңдылықтары сақталмайтынын айтады.

«Бізде әділ сот құқықтары сақталмайды. Адвокаттардың жұмысын біз жарыссөз кезінде көрдік. Айыптау тарапының таққан айыптарының күл-талқанын шығарды. Барлығын нақты дәлелмен айтты. Оны барлығымыз көрдік. Бұл жерде біздің соттың бейтараптылығы жоқ. Әділдік құқықтары сақталмайды. Бізде өткен жұмада соңғы сөз айтылған кезде үміт болды. Сот бапты ауыстырып барып шартты жаза беретін шығар деп ойладық. 291-бапта шартты жаза қарастырылмаған. Бұл ауыр қылмыстар санатына жатады. Сол себепті судьяның бұл бапты 287-бапқа ауыстыру мүмкіндігі болып еді. Ол бапта шартты жаза беруге мүмкіндік бар», - деді Рафқат.

Айта кетейік, қаңтар оқиғасы бойынша 4 642 қылмыстық іс қозғады. Полиция тергеушілері 15 мыңдай адамнан жауап алды. 35 мыңнан астам тергеу амалдары мен 2,5 мыңдай сараптама жасалды.

Қаңтар оқиғасында 1 731 адам зардап шегіп, 343 млн теңгеден астам сомаға келтірілген зардап өндірілген.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама