×

Адвокат Айман Омарова мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

Былтыр кәмелетке толмағандар арасында суицид көрсеткіші 21,5%-ға өскен

 Дәурен Ерболат 08.07.2022 | 20:00
фото: Ұлттық комиссия

Бүгін елордада бейнеконференция форматында Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті деп хабарлайды комиссияның баспасөз қызметі.

Жиынға Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, ұлттық комиссияның төрайымы Аида Балаева, Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев, ІІМ  Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов,  адвокат, ұлттық комиссияның мүшесі Айман Омарова қатысты. Отырыста кәмелетке толмағандар арасындағы суицид мәселесі талқыланды.

Биыл бірінші жарты жылдықта өз-өзіне қол жұмсау дерегі 38,1%-ға төмендеді. Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасында суицид жасау мен оны жасауға әрекеттену дерегінің 21,5%-ға өскені байқалған, - деді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев. 

Көптеген сарапшының пікірінше, суицидтің өсуіне психологтардың, тәуекел тобындағы балалармен жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігі мен дайындық деңгейінің жеткіліксіздігі ықпал етеді. Осыған байланысты оқу-ағарту министрлігі бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, жұмыс істеу керегін атап өтті.

«Министрлік әлеуметтік желілердің ашық жарияланымдарында депрессияның белгілерін анықтайтын жасанды интеллектіні пайдаланатын пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр», - деді Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев.

Отырыста ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов кәмелетке толмағандар арасында суицидті ерте анықтау әдістемесін жетілдіруді ұсынды.

Сондай-ақ адвокат Айман Омарова балалар арасында суицидтің алдын алу үшін бастауыш сыныптарда «Менің қауіпсіздігім» пәнін, ал ата-аналар мен мұғалімдер үшін арнайы бағдарламалар енгізуді ұсынды.

Жиын соңында ұлттық комиссияның төрайымы Аида Балаева мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама