×

Болгариядан қуылған Ресейдің 70 тыңшысы Мәскеуге кетті

Олар Путиннің суреті жапсырылған жейделер киіп алған

 Дастан Жұмабекұлы 05.07.2022 | 16:31
фото: ua-football.com

Болгарияда тыңшылықпен айналысқаны үшін елден қуылған ресейлік 70 дипломат екі ұшақпен Мәскеуге ұшып кетті.

Бұл туралы ua.news хабарлады.

Ресей Федерациясы елшілігінің 70 дипломаты София әуежайына ұшып келген ресейлік екі ұшақ Мәскеуге қарай сағат 15.00-тен және 15.30-да олардың жақындарын да алып ұшып кетті.

Болгариядан кетіп бара жатқан 180-нен астам адамның көпшілігі журналистерге сұхбат беруден бас тартты.

Біз өз үкіметіміздің арқасында кетіп бара жатырмыз. Басқа түсіндірме бере алмаймыз, – деді олардың бірі.

Елден қуылып кетіп бара жатқан дипломаттар арасында Ресей Федерациясының Болгариядағы елшілігінің кеңесшісі Филипп Воскресенский де болды. Ол өзінің «заңсыз қуылып» бара жатқанын, Болгарияға қарсы жұмыс істемегенін, қайта екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға күш салғанын айтты.

Алайда, София әуежайынан кетіп бара жатқандардың ортасында Путиннің суреті жапсырылған жейделер киіп алғандар өте көп болып шықты.

70 адамның бәрі бірдей дипломат емес, олардың ішінде техникалық персонал да, аспаз да, жүргізушілер мен бағбандар да бар.

Болгарияның Премьер-министрі Кирил Петков шпиондық әрекет еткендері үшін Ресей елшілігінің 70 қызметкері елден шығарылатынын жариялаған болатын.

Ресей өз кезегінде Болгария дипломаттарды елден қуу жөніндегі шешімін қайтып алмаса, елшілікті жабатынын айтып, қоқан-лоқы көрсетіп, жауап беретінін мәлімдеген еді.

Петков Ресей ультиматумын қабылдаған жоқ. Ол Ресейдің әрекеттері қабылдауға келмейтін нәрселер екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама