×

Америкалық профессор жас нейрохирургтерге шеберлік сағатын өткізеді

Елордада беделді нейрохирургтер бас қосты

 Дәурен Ерболат 01.07.2022 | 16:56
Фото: Halyq Uni

Биыл 3 шілдеде ұлттық нейрохирургия орталығында беделді АҚШ нейрохирургі, профессор Салим Абдулрауф жас дәрігерлер мен студенттерге шеберлік сағатын өткізеді. Бұл туралы аталған орталықтың басқарма төрағасы Серік Ақшолақов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Нұр-Сұлтанда халықаралық нейрохирургиялық форум және «Нейрохирургия: тарих, қазіргі заман, тұлғалар» кинофестивалі өтіп жатыр. Ол 3 күнге жоспарланған. Жиынның негізгі мақсаты – нейрохирургия саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және тәжірибе алмасу.

Форумға премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, елорда әкімі Алтай Көлгінов, Altyn Qyran Foundation қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, беделді дәрігерлер және тағы басқалары қатысты.

Іс-шараның салтанатты ашылуында үкімет басшысының орынбасары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатын оқыды.

Сіздерді халықаралық нейрохирургия форумынының және осыған орай ұйымдастырылған тақырыптық кинофестивальдің ашылуымен құттықтаймын! Әлемге танымал академик Александр Коновалов бастаған білікті ғалымдардың бүгінгі басқосуы отандық денсаулық сақтау ісін дамытуға тың серпін берері сөзсіз. Қазақстанда осы саланың алға басуына елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы зор үлес қосып жатыр. Бұл мекеме Орталық Азиядағы үздік медицина ұйымдарының қатарына кіреді... Дәрігерлеріміз халыққа жоғары  сапалы қызмет көрсетуде. Қазақстан аймақтағы медициналық туризімнің орталығына айналып келеді. Бүгінгі жиында қазіргі заманғы ғылыми жаңалықтарды ел игілігіне бағыттайтын көптеген тың идея айтылады деп сенемін, - деп жазылған мемлекет басшысының хатында.

Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда нейрохирургия саласының 60 жылдан аса тарихы барын атап өтті.

«1964 жылы елімізде дәрігерлер біліктілігін жетілдіру институты жанында нейрохирургия кафедрасы ашылды. Бүгінде Қазақстан бойынша бұл салада медицина қызметін 50-ден аса нейрохирургия орталығы мен бөлімі көрсетеді. Жылдан жылға сәтті жасалған нейрохирургия операциялар саны артып жатыр. Бүгінде мұндай 15 мыңнан аса операция жасалған... Нейрохиругия саласының дамуына 2008 жылы Нұр-Сұлтанда ашылған Ұлттық нейохирургия орталығы серпін берді. Орталық медициналық қызметті айтарлықтай сапалы көрсетуге мүмкіндік берді. Бүгін орталықтың ашылғанына 14 жыл толды. Осы уақытқа дейін мұнда 59 мыңнан аса науқас емделді. Оларға 40 мыңнан аса екі кезеңнен тұратын күрделі оталар жасалды, әрі 300 шетелдік пациент ем қабылдады», - деді Ажар Ғиниятқызы.

Ресейдегі Николай Бурденко атындағы «нейрохирургия» ҒЗИО-ның құрметті президенті, РҒА академигі, нейрохирург Александр Коновалов жиынға қатысқанына қуанышты екенін жасырмады.

«Бүгінгі халықаралық конференция біздің досымыз, беделді ғалым, білікті нейрохирург Ақшолақов Серік Қуандықұлының 70 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Сондықтан мен үшін бұл іс-шараға қатысу зор құрмет. Бұл пікірді Мәскеуден келген басқа ғалымдар да қолдайды деп ойлаймын. Соңғы жылдары Қазақстан айтарлықтай жетістікке жетті. Оның ішінде қарқынды дамып жатқан нейрохирургия саласы да бар. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының да даму қарқыны жоғары екенін атап өткім келеді. Мұнда 10 жыл болған жоқпын. Осы уақытта қала адам танымастай өзгеріп кетіпті», - деді дәрігер ағынан жарылып.

«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов қазақстандық дәрігерлердің біліктілігі жоғары екенін атап өтті. Ол форум аясында жас нейрохирургтерге біліктілігін шыңдауға мүмкіндік берілетінін жеткізді.

3 шілдеде орталықта АҚШ профессоры Салим Абдулрауф жас нейрохирургтер мен студенттерге шеберлік сағатын өткізеді. Менің ойымша, бұл отандық нейрохиругия саласының дамуына серпін береді, әрі жас мамандар тәжірибе жинап, біліктілігін шыңдайды, - деді нейрохирург.

Айта кетейік, жиынға әлемнің 15 елінен 200-ден аса делегат келген. Олардың арасында University of Neurosurgery институтының бас нейрохирургы, дүниежүзілік нейрохирургиялық қоғамдастықтардың президенті Салим Абдулрауф (АҚШ), Азия нейрохирургтары конгресінің президенті Йоко Като (Жапония), Dana-Dwek Children's Hospital ауруханасының балалар нейрохирургиясы кафедрасының меңгерушісі Шломи Константини (Израиль), Great Ormond Street Hospital ауруханасының балалар нейрохирургі, Gemini Untwined қорының негізін қалаушы және директоры Нур Юл Оуейс Джилани (Ұлыбритания) бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама