×

Бұрын миға жасалатын күрделі операциялардың 80%-ы шетелде жасалатын – нейрохирург

Бүгінде орталықта жылына 4,5 мыңдай операция жасалады

 Дәурен Ерболат 01.07.2022 | 13:18
Фото: Halyq Uni

Бұрын Қазақстанда миға жасалатын күрделі операциялардың 80%-ы шетелде жасалатын. Қазір оталарды елімізде жасай алатын деңгейге жеттік. Бұл туралы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, нейрохирург Серік Ақшолақов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, қазір қазақстандық дәрігерлер миға, жұлынға, ми қан тамырларына күрделі операцияларды жасай алады. Серік Ақшолақов бұл жетістікті 2008 жылы ашылған ұлттық нейрохирургия орталығының ашылуымен байланыстырады.

14 жылда жаңа технологияларды пайдаланып үйрендік. Мұны маңызды жетістік деп айтуға болады. Біз Орталық Азияда және Қазақстанда болмаған 70-тен аса жаңа технологияларды тәжірибемізге енгіздік. Мысалы, бүгінде ұлттық хирургия орталығында жылына 4,5 мыңдай операция жасалады. Бұрын операциялардың 70-80%-ы Қазақстанда жасалмайтын. Сондықтан науқастар шетелге баруға мәжбүр болды. Қазір олар шетелге барып емделуді тоқтатты деп айтуға болады. Бүгінде орталықта науқастарға тегін, сапалы, заманауи технлогиялармен қызмет көрсетіп жатырмыз, - деді Серік Ақшолақов астанада өтіп жатқан халықаралық нейрохирургиялық форумның кулуарында.

Білікті дәрігер Қазақстан медицинасы заман талабына сай дамып жатыр деген пікірде.

«Былтыр ұлттық нейрохирургия орталығында Гаманаев аппаратын іске қостық. Ол медицина саласындағы – ең жоғары технология. Аппарат Орталық Азиядағы жалғыз болып саналады. Әлемде Гаманаев аппаратының тек 400 данасы бар. Оның 200-і АҚШ пен Жапонияда ғана бар. Енді осы аппараттың біреуі Қазақстанда тұр. Біз жарты жылда осы медициналық жабдықтың көмегімен 500-дей операция жасадық. Бұл аппарат ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді», - деді нейрохирург.

Сонымен қатар ол қазақстандықтар аталған орталықта тегін медициналық қызмет алуға мүмкіндігі барын атап өтті.

Мысалы, біз 14 жылда 35 мыңдай операция жасадық. Оның 95%-ы тегін жасалған операция. Себебі, медициналық қызметтің бұл түрі қазақстандықтар үшін тегін. Қазір бізге шетелден келіп, емделіп жатқан науқастар да бар. Орталықтағы ең қымбат қызмет – ми қан тамылары мен ондағы ісікті емдеу. Оның құны 1,5 млн теңгеге дейін барады. Бұл бір адамға есептелген, аталған медициналық қызмет мемлекет қаржысы есебінен жасалады, - деді Серік Ақшолақов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама