×

Шымкенттегі бүлікке қатысы бар жігіт Өзбекстанға қашпақ болды

Оның телефонынан видеолар табылды және арқасына оқ тигені анықталды

 Халық үні 18.01.2022 | 09:50
фото: Halyq Uni

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысында рейдтік іс-шаралар өткізді.

Мемлекеттік шекараны қорғау күшейтілген тәртіпте ұйымдастырылған. Терроризмге қарсы операция режимінде Шекара қызметінің әскери қызметшілері басқа да күштік органдармен өзара іс-қимыл жасап, рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр. Бұған қоса стратегиялық және басқа да әкімшілік нысандарды күзетуде, – дейді ҰҚК.

Қызмет барысында жаппай тәртіпсіздік пен тонауға қатысын айқындайтын белгілері бар және заң алдындағы жауапкершіліктен, оның ішінде Қазақстаннан тыс жерлерге шығу арқылы жасырынбақ ниеттегі адамдар ұсталып жатыр.

Мәселен, Түркістан облысындағы «Жібек жолы» өткізу пунктінде Өзбекстанға өтуге әрекеттенген 1993 жылы туған «Е» деген азамат құрықталды, – дейді комитет.

Ер адамның ұялы телефонынан Шымкент қаласындағы тәртіпсіздік орнында түсірілген видеоматериалдар табылды және арқасына тиген оқ жарақаты бар болып шықты (мүмкін резеңке оқтың ізі).

Ол Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне берілді, – дейді ведомство.

Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.

Осы жағдайға байланысты барлық өңірде төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Мемлекет басшысы «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама