×

Димаш Құдайберген 30 жасқа толды

Әнші туған күнінде Стамбұлда шығармашылық кеш өткізеді

 Айгерім Таубай 24.05.2024 | 10:35
Фото: Halyq Uni

Қазақстанның халық әртісі, әнші Димаш Құдайберген 30 жасқа толды. Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады, ал тыңдармандары ізгі тілектерін жаудырып жатыр.

Halyq Uni өнерпаздың туған күніне орай өмірбаяны мен өнер жолына шолу жасады.

Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбеде танымал әнші Қанат пен Светлана Айтбаевтардың отбасында дүниеге келген. Қазақ ұлттық өнер университетін «эстрада вокалы» мамандығы бойынша бітірді.

Димаш бала күнінен көпшіліктің алдында жүрді, түрлі ән байқауына қатысып бақ сынады. Жүлделі орындарды қанжығасына байлады.

Димаш Құдайберген Витебскте өткен «Славян базары – 2015» халықаралық ән байқауынан кейін көпшілікке таныла бастады. Бұл байқауда әнші гран-приді жеңіп алды.

Ал көпшіліктің сүйіспеншілігіне Қытайдың «Мен әншімін» жобасына қатысқан сәттен бастап бөленіп келеді. Бұл байқауда Димаш қазақстандықтарды ғана емес, шетелдіктерді де таңдай қақтырды, өнеріне тәнті етті. Бұл жобада Димаш Құдайберген 2017 жылы екінші орын алды.

Әншінің осы байқаудан кейінгі өнер жолына көз жүгіртсек оның MTV Music Awards жүлдесінің иегері, «Азияның ең танымал әншісі», «Top Chinese Music Awards», «Халықаралық деңгейдегі ең танымал әнші», «Жылдың ең үздік әншісі» номинацияларының жеңімпазы болғанын көреміз.

Ол тіпті 2021 жылы АҚШ президенті Джо Байденнің инаугурациясы апталығының ашылуына арналған шарада өнер көрсетті. Әнші қазақтың халық әні «Самалтауды» орындаған еді.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ АТАНДЫ

Димаш Құдайберген 2019 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.

Ал 2023 жылы Димашқа «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы берілді. Бұл атақ 1999 жылдан бері берілмеген еді, 2023 жылы Республика күнінде мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады.

Дәл осы жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әнші Димаш Құдайбергенге тазының күшігін сыйлады. Оның фотосын әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жиі көрсетеді.

Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады. Тазы – біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қалған «Жеті қазынаның» бірі. Қазір Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады, - деп жазды әнші Instagram-дағы парақшасына. 

2023 жылы Димаш «Ағайынды Карич қоры» сыйлығын алды. Сыйлықты табыс ету рәсімі Сербияның Белград қаласында өтті. Бұл жерде 1979 жылы елдің ғылыми-технологиялық және шығармашылық әлеуетін қолдау және ілгерілету, жұртшылықты әлемдік мәдениеттің жетістіктерімен таныстыру институты ретінде құрылған қор шетелдің тұлғаға айналған көрнекті азаматтарына сыйлықты 26-рет табыс етті.

«Ағайынды Карич қоры» сыйлығына бұрын әлемге әйгілі ғылым, журналистика, экономика, мәдениет және өнер қайраткерлері ие болған.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТАН ҚҰРАЛАҚАН ЕМЕС

Димаш Құдайберген елімізде болған қайғылы жағдай, төтенше оқиғаларға бей-жай қарамайды. 2023 жылдың қазанында Қарағанды облысының Костенко шахтасында болған апаттан 46 кенші көз жұмды. Қайғылы жағдайдан кейін әнші кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар 20 отбасыға 20 млн теңге аударды.

2024 жылы көктемде еліміздің бірнеше өңірінде су тасқыны болды. Сол сәтте әнші Ақтөбедегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан еріктілер штабына барды.

Кішкентай кезімнен мені қолдап, биік белестерді бағындыруға тілектестік білдірген жерлестеріме келмей тұра алмадым. Жаңалықтан мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын білдім. Ең бастысы, адамдар қалыпты өмірге қайта оралса болды, - деді Димаш тұрғындармен кездесуде.

Димаш Құдайберген қиын сәтте жерлестерімен бірге екенін жеткізіп, қайырымдылық қорына қаржы аударған.

ДИМАШ ҚҰДАЙБЕРГЕННІҢ ОТБАСЫ

Димаштың әкесі Қанат Айтбаев тұңғышының ата-әжесінің бауырында өскенін айтады. Айтуынша, Димаш өмірге келген кезде өзі жас маман, ал әйелі студент болған.

Сол себепті Димаш тілі шыққан кезде ата-әжесін «мама, папа» деп атаған.

Ата-әжесінің ыстық ықыласына бөленіп өскен бала жаман болмайды. Димаш та қазақы тәрбиенің қазанында қайнап, мейірімге бөленіп, емінеркін өсті. Ата-анам бес жасынан оны мектепке жетелеп апарып, жетелеп алып келетін. Бір сәт қастарынан тастаған емес, - деген Қанат Айтбаев сұқбаттарының бірінде ата-анасы жайлы.

2023 жылдың 13 маусымында Димаш Құдайбергеннің атасы Құдайберген Айтбаев 82 жасына қараған шағында дүниеден өтті

Айта кетейік, әнші 2024 жылдың 24 мамырында Стамбұлдың Бешикташ стадионында 28-ші шығармашылық кешін бергелі жатыр.

Halyq Uni редакциясы ән өнеріндегі құбылыс, нағыз талант иесі Димаш Құдайбергенді 30 жасқа толуымен шын жүректен құттықтайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама