×

Астанада Құдайберген Айтбаевты ақтық сапарға шығарып салды (ФОТО)

Димаш Құдайбергеннің атасы 82 жасқа қараған шағында өмірден өтті

 Халық үні 15.06.2023 | 12:00
фото: Halyq Uni

13 маусымда танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің атасы Құдайберген Айтбаев 82 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Бүгін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде марқұмның жаназасы шығарылып, оны жақындары мен туыстары ақтық сапарға шығарып салды.

Жаназа рәсіміне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.

Құдайберген Айтбаев 1941 жылы 25 шілде күні Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Орқаш ауылында дүниеге келді. Ауыл шаруашылығы саласында көп жыл қажырлы қызмет етіп, еңбек ардагері атанды.

Құдайберген Айтбайұлы мен Миуа Мүбәракшақызы 55 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ұлағатты ұрпақ өсіріп, дарынды ұл-қыздар тәрбиелеп, ел қадірлейтін өнегелі әулетке айналды. Отбасында Гүлзира, Қанат, Нұргүл есімді 3 перзентін тәрбиелеп өсіріп, сол балаларынан көрген немерелері мен шөберелерінің қуанышына кенелді.

Көптің ықыласына бөленген Құдайберген Айтбайұлының баласы мен келіні Қанат-Света Айтбаевтар өмірде де, өнерде де жарасымды жұп Қанат пен Света Айтбаевтар әкеден сіңірген өнегесімен ұлт руxаниятына еңбек етудің озық үлгісін көрсетіп келеді.

Немерелерінің үлкені, қазақ елін әлемге паш еткен Димаш Құдайбергеннің өнер жолын таңдауында да Құдайберген Айтбайұлының үлесі зор. Бес жасар Димашты музыка мектебіне жетелеп апарған да Атасы - өнер әлеміне жол көрсеткен алғашқы адам.

Домбырада шебер ойнайтын Құдайберген Айтбайұлының өзі де күйшілік дарынымен ортасына қадірлі болды. Әсіресе, Қазанғап күйшінің музыкалық мұрасын дәріптеуге ерекше ат салысты. Димашты да бала күнінен домбыраға баулыды.

Құдайберген Айтбайұлы саналы ғұмырын Қазақстанның ауыл шаруашылық саласын өркендетуге арнады. Қатардағы маман-инженер болудан бастап кеңшар директоры, училище директоры секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Бұл туралы Мемлекет басшысының Айтбаевтар әулетіне көңіл айту жеделхатында да айтылды.

«Әулеттеріңіздің ардақтысы, елге танымал, халық сыйлаған абыройлы ақсақал Құдайберген Айтбайұлының дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын.

Құдайберген Айтбайұлы ауыл шаруашылығы саласында көп жыл қажырлы қызмет етіп, еңбек ардагері атанды. Адамгершілік асыл қасиеттерімен өз ортасына сыйлы, ағайын-туысқа қадірлі жан болды. Ұлағатты ұрпақ өсіріп, дарынды ұл-қыздарды тәрбиелей білді.

Айнала төңірегіне мейірім шуағын шаша білген Құдайберген Айтбайұлының жарқын бейнесі оны білетіндердің жадында сақталады.

Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.

ДИМАШ АТА-ӘЖЕСІНІҢ БАУЫРЫНДА ӨСКЕН

Димаштың әкесі Қанат Айтбаев тұңғышының ата-әжесінің бауырында өскенін айтады. Айтуынша, Димаш өмірге келген кезде өзі жас маман, ал әйелі студент болған.

Сол себепті Димаш тілі шыққан кезде ата-әжесін «мама, папа» деп атаған.

Ата-әжесінің ыстық ықыласына бөленіп өскен бала жаман болмайды. Димаш та қазақы тәрбиенің қазанында қайнап, мейірімге бөленіп, емінеркін өсті. Ата-анам бес жасынан оны мектепке жетелеп апарып, жетелеп алып келетін. Бір сәт қастарынан тастаған емес, - деген Қанат Айтбаев сұқбаттарының бірінде ата-анасы жайлы.

ӘКЕ ТУРАЛЫ ҮЗІК СЫР

Қанат Айтбаев бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында әкесі, балалық шағы туралы естелігін бөліскен еді. 

Үйге қонақ көп келеді, анам ас əзірлеп, əкем меймандармен əңгіме дүкен құрады. «Ағалардың жақсы сөзін тыңда» деп əкем қасына алып отырады... Кей күндері жұмыстан кейін қолына домбырасын алып, Қазанғаптың, Құрманғазының күйлерін төгілтеді, үйдің іші сиқырлы үнге толады, бəріміз беріле тыңдаймыз... Өзінің ұстаздарының, құрметтеп, сыйлайтын азаматтардың жақсы істерін мысал етіп айтады. Басты принципі «Ұлық болсаң, кішік бол», «Біреудің ала жібін аттама». Осыны үнемі қайталап отырады, - деп жазған Қанат Айтбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама