×

Димаш Құдайберген халықаралық сыйлық алды

Қордың директорлар кеңесінің шешімімен танымал әнші марапатқа әбден лайық деп танылды

 Дастан Жұмабекұлы 04.12.2023 | 16:12
Фото: dimashnews.com

Танымал әнші Димаш Құдайберген «Ағайынды Карич қоры» сыйлығын алды.

Сыйлықты табыс ету рәсімі Сербияның Белград қаласында болды. Бұл жерде 1979 жылы елдің ғылыми-технологиялық және шығармашылық әлеуетін қолдау және ілгерілету, жұртшылықты әлемдік мәдениеттің жетістіктерімен таныстыру институты ретінде құрылған қор шетелдің тұлғаға айналған көрнекті азаматтарына сыйлықты 26-рет табыс етті.

«Ағайынды Карич қоры» сыйлығына бұрын әлемге әйгілі ғылым, журналистика, экономика, мәдениет және өнер қайраткерлері ие болған. Әр жылдары физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Жорес Алферов, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Петер Хандке, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, кинорежиссер Эмир Кустурица, теннисші Новак Джокович, актер Стивен Сигал, ТҮРКСОЙДЫҢ бұрынғы бас хатшысы Дүйсен Қасейінов марапатталған.

Биыл сыйлыққа ұсынылған азаматтардың арасында Қазақстанның дарынды әншісі Димаш Құдайберген де марапатқа ие болды.

Біздің директорлар кеңесі  Димаштың талантына бас иіп,  оны марапатқа әбден лайық деп бірауыздан келісті. Бұл біздің достас елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтады, – деді Сербиядағы Қазақстан Республикасының құрметті консулы, ағайынды Карич қорының негізін қалаушы Миланка Карич dimashnews.com сайтына берген сұхбатында.

Марапаттау рәсімі Белградтағы Ұлттық театрда өтті. Ұлттық театрдың сахнасында Димаш әртүрлі композициялар ұсынды. Ол қазақтың халық әні «Самалтау» мен Игорь Крутойдың «Mademoiselle Hyde» әнін айтты.

Димаш ағайынды Карич қорының құрылтайшылары мен директорлар кеңесіне марапатқа лайық деп танығаны үшін алғысын білдірді. Халықаралық жобалардың, соның ішінде өнер саласындағы елдер арасындағы достық пен өзара дамуды қолдау мүмкіндіктері ретіндегі маңызды рөлін атап өтті.

Еске сала кетсек, Димаш Құдайберген биылғы Республика күні қарсаңында мемлекет басшысының жарлығымен «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын алған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама