Астанада Бишімбаев пен Байжановқа қатысты сот өтіп жатыр
Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сотқа жәбірленуші Айтбек Амангелді қатыспай отыр. 16 сәуір түске дейін жәбірленуші Амангелді мен марқұм Нүкенованың ата-анасы сот залынан шығып кеткен еді. Ол кезде марқұмның мәйітіне медициналық сарапшы берген қорытынды оқылды.
Жәбірленушінің адвокаты Әлия Омарова «жәбірленуші Амангелді шұғыл түрде ата-анасына кетті, ол кісілер жедел жәрдем шақырған екен. Адвокат Жанна Оразбахова да ілесіп жүр. Үзіліс жарияланған кезде қатарымызға қосылады», деді.
Тараптар сот процесін жәбірленуші Айтбек Амангелді және оның адвокаты Жанна Оразбахованың қатысуынсыз жалғастыруға қарсылық білдірмеді.
Айта кетейік, сотта жәбірленуші тараптың 4 адвокаты бар.
САЛТАНАТ НҮКЕНОВАНЫҢ ҚАЗАСЫ
2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды.
Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Экс-министрдің соттағы жауабын мына жерден оқуға болады.
Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшінеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.
8 сәуірде Астана қаласы көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденов сот залына келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.
9 сәуірдегі сот отырысына қылмыстық іс бойынша куәгер Данияр Мейірбеков қатысты. Сол күні Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Сарапшы манекеннің басына қызыл және көк түсті қаламмен бірнеше жарақаттың орнын салып көрсетті.
10 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер Аида Ахмедина қатысты. Прокурор Айжан Аймағанова сот барысында Ахмедина мен марқұм Салтанат Нүкенованың бір-біріне жазған хаттарын оқыды.