Halyq Uni логотип
×

Бишімбаевтың анасы мәскеулік сарапшы ұсынған қорытындыны іс материалдарына қосуды сұрады

Астана сотында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр

 Айгерім Таубай 16.04.2024 | 12:26
Бишімбаевтың анасы мәскеулік сарапшы ұсынған қорытындыны іс материалдарына қосуды сұрады
Альмира Нұрлыбекова, фото: Halyq Uni

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова сот отырысында мәскеулік медициналық сарапшының берген қорытындысын қылмыстық іс материалдарына қосуды сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Құжатты қылмыстық іс материалына қосуды Бишімбаевтың адвокаттары сұрады, алайда мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тарап бұған қарсы болды.

Альмира Нұрлыбекова сөзінде ұлына өзін толық қорғауға мүмкіндік беруді сұрады.

Тыңдап отырмын. Мен заңгер емеспін, кей жерінде қате айтуым да мүмкін. Алайда сіз (сот – ред.) мәскеулік мамандардың қорытындысын қабылдамасаңыз, менің ұлымның конституциялық құқығы – өзін қорғау үшін дәлелдер келтіре алу құқығы шектеледі. Мұны ана ретінде шын жүректен айтып отырмын, - деді Бишімбаевтың анасы.

Айта кетейік, Альмира Нұрлыбекова – сотталушы Қуандық Бишімбаевтың қоғамдық қорғаушысы.

Істі қарап жатқан судья Айжан Құлбаева құжатты қылмыстық іс материалдарына қосу-қоспауды шешу үшін алдымен маманның қорытындысын жариялауды ұсынды. Ал прокурорлар ресейлік мамандардың қорытындысын дәлел деп танымауды сұраған еді.

Айта кетейік, 9 сәуірдегі сот отырысына Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты

Сарапшы манекеннің басына қызыл және көк түсті қаламмен бірнеше жарақаттың орнын салды. Олар марқұмның басындағы жарақат пен қанталауды көрсетеді.

Барлығы белгіленген. Бәрі бірге бас жарақаты саналады. Оған бас та, бас сүйегі де кіреді. Көк түспен қанталау, қызыл түспен жарақат белгіленген. Сарапшы қорытындысында бас-ми жарақатының құрамдас бөліктерін көрсету арқылы сот-медициналық диагноз қойылды. Оған қанталау, жарақаттың бәрі кірді. Барлық зақым мидың зақымдалуына әкелетін сыртқы әрекет ретінде қарастырылады. Сондықтан бастапқы сараптама қорытындысындағы судбуральды гематома түріндегі сыртқы және бас сүйек ішіндегі барлық зақымдану – қатты қабық пен ми арасында қан кету. Жұмсақ қабықтың астына қан кету мишықта, мидың бағаналы бөлігінде анықталды. Мұның бәрін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды, яғни осы жарақаттың барлығы өлімге себеп болған, - сот-медициналық сарапшы.

САЛТАНАТ НҮКЕНОВАНЫҢ ҚАЗАСЫ

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды. 

Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Экс-министрдің соттағы жауабын мына жерден оқуға болады.

Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшінеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.

8 сәуірде Астана қаласы көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденов сот залына келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.

9 сәуірдегі сот отырысына қылмыстық іс бойынша куәгер Данияр Мейірбеков қатысты. Сол күні Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Сарапшы манекеннің басына қызыл және көк түсті қаламмен бірнеше жарақаттың орнын салып көрсетті.

10 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер Аида Ахмедина қатысты. Прокурор Айжан Аймағанова сот барысында Ахмедина мен марқұм Салтанат Нүкенованың бір-біріне жазған хаттарын оқыды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама