Астанада экс-министрге қатысты сот процесі өтіп жатыр
Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның інісі Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
15 сәуірдегі сот отырысына алқабилердің бірі келмеді. Сотта №2 алқабидің денсаулығына байланысты келе алмағаны айтылды. Оның орнына №11 алқаби отырды. Ал №12 алқаби №11 алқабидің орнына ауысты.
Айта кетейік, 2024 жылдың 27 наурызында Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін қарайтын алқабилер іріктелді. Алдын ала сот тыңдауы барысында Қуандық Бишімбаев істі алқабилердің қарауын сұрады. Содан кейін алқабилерді іріктеу елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті. Алқабилер алқасына 12 адам таңдалды: 10 негізгі және 2 қосалқы алқаби бар.
Алқабилер соты он негізгі және екі қосалқы алқабиден тұрады. Сондай ақ бұл тізімге судья қосылады. Қосалқы алқабилер де сот отырысына қатысуға міндетті, алайда іс барысында кеңесу бөлмесіне 10 негізгі алқаби мен 1 судья барады.
БИШІМБАЕВҚА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛҒАН?
Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың айтуынша, Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2022 жылдың тамызында танысқан. Ал тойы сол жылдың желтоқсанында өткен. Алайда Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде тұрмаған. Қарым-қатынас барысында Бишімбаев Нүкеноваға туыстары, құрбыларымен кездесуге, жұмыс істеуге рұқсат бермеген және үнемі қызғанған. Соған байланысты үнемі физикалық күш қолданған.
2023 жылдың наурызында (нақты уақыты анықталмаған) қызғаныштан Нүкенованы ұрып-соққан. 2023 жылдың 25 наурызында Нүкенова дене жарақатының фотосын түсіріп, ағасына жолдаған. Алайда ешқандай әрекет қабылдамауын сұраған. Содан кейін ағасы Нүкеновадан ажырасуды сұраған. Алайда ол жағдай реттеліп кетеді деп, ажырасудан бас тартқан.
Бишімбаев ұрып-соққаны көрсетілген фото Нүкенованың туыстарында бар екенін біліп, оны жалаңаш түрде фотоға түсіруге итермелеген. Нүкенова оған келісім беріп, жалаңаш түрде фотоға түсіруге мәжбүр болған.
Нүкенова Бишімбаевтан бірнеше рет кетуге тырысқан, алайда Бишімбаев кешірім сұрап татуласқан.
Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2023 жылы 9 қаңтарда Астанада өткен концертке барған. Алайда концерт аяқталмастан, ол жерден шығып, Bau мейрамханасына барады. Екеуі шарапқа тапсырыс беріп, 4 бөтелке шарап ішкен. Осы кезде Нүкенова қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан. Олар бастапқыда мейрамханадан шыққысы келген, алайда Бишімбаев рұқсат бермеген. Мейрамхананың VIP залында екеуінің арасына туған жанжал жалғасқан. Бишімбаев жанжал барысында өзінің ақшасына сатып алынған заттар туралы айтқан. Содан кейін Нүкенова ішкиім және әшекейден басқасын шешіп тастаған. Оның бұл әрекеті Бишімбаевтың ашуына тиген. Тергеу мәліметіне сәйкес, содан кейін Бишімбаев әйелді жұдырықпен ұрған. Таңғы алты кезінде мас күйінде Бишімбаев Салтанатпен бірге ғимараттан шықпақ болған, алайда оларды күзетші байқаған соң, екеуі мейрамханаға оралған.
Бишімбаев өзінің қылмыстық әрекетінің ауыр әрі қатыгездік екенін түсініп, Нүкенованың басынан жұдырықпен бірнеше рет ұрған. Салдарынан әйел еденге құлаған. Содан кейін Бишімбаев Нүкенованы ұрып-соғуды жалғастырған. Артынша Нүкенованы еденнен көтеріп, басынан жұдырықпен ұрған, вип-залға шашынан сүйреп апарған, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Нүкенова дәретхананың есігін ішінен іліп, жасырынбақ болған. Алайда Бишімбаев есікті металл затпен ашпақ болады. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол әйелді шығарып, тағы да басы мен денесін ұрып-соққан. Сондай-ақ оны буындырғаны айтылды, салдарынан Нүкенова есінен танып қалған. Содан кейін де әйелді соққыға жыға бастаған, оның есін жоғалтқанына көзі жеткен кезде әрекетін тоқтатқан. Нүкенова алған жарақатынан сол кезде қайтыс болған.
Бишімбаев келесі күні өзінің туысы Бақытжан Байжановты шақырып, мейрамхана қызметкерлерін таратуды тапсырған. Марқұмның телефонын беріп, бірнеше мекенжайға барып қайтуды тапсырған.
Сот басталған кезде сотталушы Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Экс-министрдің соттағы жауабын мына жерден оқуға болады.
Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшінеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.
8 сәуірде Астана қаласы көшпелі бригада дәрігері Нұрлан Мұхамбеденов сот залына келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.
9 сәуірдегі сот отырысына қылмыстық іс бойынша куәгер Данияр Мейірбеков қатысты. Сол күні Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жүргізген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров қатысты. Сарапшы манекеннің басына қызыл және көк түсті қаламмен бірнеше жарақаттың орнын салып көрсетті.
10 сәуірдегі сот отырысында қылмыстық іс бойынша куәгер Аида Ахмедина қатысты. Прокурор Айжан Аймағанова сот барысында Ахмедина мен марқұм Салтанат Нүкенованың бір-біріне жазған хаттарын оқыды.