×

Су тасқыны: Мемлекеттік күзет қызметі Жібек жолы ауылына көмекке барды (ВИДЕО)

Қазір ауылға Астанадан да азаматтар келіп, жергілікті тұрғындарға қолғабыс жасап жүр

 Дастан Жұмабекұлы 12.04.2024 | 12:10
Фото: видеодан кадр

Астанадан Мемлекеттік күзет қызметінің әскерилері Ақмола облысының Жібек жолы ауылына барды. Бұл елді мекенде су тасқынына қарсы жұмыс жалғасып жатыр.

Бұған дейін хабарланғандай, Астана қаласына жақын орналасқан Жібек жолы ауылының маңында еріген қар суы күн жылынған сайын көтеріліп, ол ауылға ғана емес, Астана қаласының өзіне де қауіп төндіре бастаған еді. Осыған байланысты елді мекеннің тұрғындары екі қолға бір күрек ұстап, суды тоқтату үшін қаптарға топырақ салып, дамба тұрғызуды қолға алған болатын.

Қазір ауылға Астанадан да азаматтар келіп, көмектесіп жүр. «Жастар рухы» мен «Астана жастары» қозғалысының 150-ге жуық еріктілері де көмек қолын созып жатыр.

Мемлекеттік күзет қызметінің әскерилері болса, Жібек жолы ауылына келген бетте елді мекенге жақын жердегi үйінді бөгеттің жағалауын нығайтумен айналысып, су тасқынынан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде.

Астана қаласының әкімдігі қорғаныс құрылысын салу үшін барлық қажетті техниканы, инертті материалдар мен топырақ салынған қапшықтарды әкеліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама