×

Қардың суы Астанаға да қауіп төндіріп тұр (ВИДЕО)

Егер уақытында көмек келмесе, су қалаға жетіп баруы мүмкін, - дейді тұрғындар

 Дастан Жұмабекұлы 11.04.2024 | 11:43
Фото: instagram.com/akimat__astana/

Астана қаласына жақын орналасқан Жібек жолы ауылының маңында еріген қардың суы күн жылынған сайын көтеріліп жатыр. Қазір елді мекеннің тұрғындары екі қолға бір күрек ұстап, суды тоқтату үшін қаптарға топырақ салып, дамба тұрғызуда.

Екі күннен бері бұл жұмысқа Астанадан да азаматтар келіп, көмектесіп жүр. Соның бірі – «Жастар рухы» мен «Астана жастары» қозғалысының 150-ге жуық еріктісі.

Қазір Жібек жолы ауылының маңында еріген су деңгейінің көтерілуіне байланысты, тұрғын үйлерді су басу қаупі бар. Осыған орай Астана қаласының әкімдігі қорғаныс құрылысын салу үшін барлық қажетті техниканы, инертті материалдар мен топырақ салынған қапшықтарды әкелді.

Дегенмен жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде Жібек жолы ауылына көмек қолы әлі жетпей жатқанын алға тартып отыр. Олардың айтуынша, егер бүгін-ертең Астанадан суды тоқтатуға көмек келмесе, су Жібек жолы мен Күйгенжар ауылын шайып кетуі мүмкін. Одан кейін қалаға жетіп барады-мыс.

Бұған дейін хабарланғандай, Астана қаласының іргесінде орналасқан Қоянды мен Талапкер ауылдары, Қосшы қаласының маңындағы Тайтөбе елді мекені де судың астында қала жаздаған еді. Бұл ауылдарда қыс бойы жиналған қар уақытында сыртқа шығарылмай, тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіріп, әбігерге түсірген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама