×

Көшесі көлге, жолы жылғаға айналған Қоянды. Арнайы репортаж

Қоянды әкімдігі мен мердігер компания арасында қар тазалау бойынша 11 млн теңгеге шарт жасалған. Бірақ еш нәтиже жоқ

 Гүлбаршын Нұрхан 28.03.2024 | 15:51

Астана қаласының іргесінде орналасқан Қоянды дейтін ауыл бар. Қоянды — Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты ауыл. Елордадан небәрі 2 шақырым жерде орналасқан. Ауыл халқының дені Астана қаласына қатынап жұмыс істейді.

Енді сол ауылды ішінара су басып, халық әбігерге түсіп жатыр. Қыс бойы жиналған қар уақытында сыртқа шығарылмай, тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіріп отыр. Қоянды көшелері көлшікке, жолдары жылғаға айналған.

Halyq Uni тілшісі Қоянды ауылына барып, су басқан көшелер мен үйлерді, шарасыз жағдайға түскен тұрғындардың жайын өз көзімен көріп қайтты.

Күн жылынып, қыс бойы жиналған қар еріп, ауылдың біраз бөлігін су басқан. Тіпті, тұрғындар үйінен шыға алмай, көшемен жүре алмайтындай жағдайға жеткен.

Өзіміз әрекет етіп жатырмыз. Тіпті үйімізге кіріп-шығудың өзі мұңға айналды. Бала-шағамыз сыртқа шыға алмай қалды. Тек көлікпен немесе арнайы етік киіп жүрміз. Қазір қайта судың деңгейі түсті. Арық қыс бойы тазаланбай, қар шығарылмағандықтан осындай жағдайға жеттік, - дейді тұрғын Алмасбек Қайрат.

Қоянды тұрғындары көктемде су басу қаупі барын айтып, әкімдікке талай рет шағымданған. Өйткені, бұл жағдай Қоянды ауылында бірінші рет болып отырған жоқ. Жыл сайын қайталанады екен.

«Мына жағдайды өздеріңіз көріп тұрсыздар. Ауламызды түгел су басты. Қыс бойы қар шығарылмаған. Мына үйіліп тұрған қардың бәрі ерісе, тағы да көл болады.

Әкімдік пен тендер ұтып алған компания бұған дейін қайда қараған?! Еш жұмыс атқармаған. Жыл сайын арықты тазалап отыруы керек еді. Оның бәрі атқарылмаған: қар шығарылмаған, арық тазаланбаған. Жағдай мүшкіл. Ертең шығынды кім өтейді? Қаншама отбасы, үй бар. Осының алдын алуы керек еді.

Әкімнің екі қолы қалтада. Әрекет етіп жатқанын айтады. Бірақ біз еш әрекет көрген жоқпыз. Жыл сайын қайталана берсе, үйдің іргетасы отырады. Үйдің іші ылғал болып, қабырғасы көгеретін болады», - дейді Айбек Талғатұлы.

Осыдан бірер күн бұрын Қоянды тұрғындары су басқан ауылдың мәселесін билікке естірту үшін наразылыққа шықты. Тұрғындар не әкімдіктің, не төтенше жағдайлар қызметінің, не қар тазалауды мойнына алған мердігердің әрекетсіздігіне шағымданып отыр.

«Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласы бойынша филиалының жетекшісі Дархан Құлжамбеков Қоянды тұрғындары алдын ала дабыл қағып, қар тазаланбағанын айтып шағымданса да, олардың өтінішіне ешкім құлақ аспағанын айтады. Қоянды ауылы әкімінің аппараты мердігермен шарт жасасқан, алайда тапсырыс беруші тарап жұмыстың орындалуын қадағаламаған. Енді оның зардабын ауыл тұрғындары тартып отыр.

«Біз мемлекеттік сатып алу порталын қарап шықтық. 2024 жылы 15 қаңтарда Қоянды ауылы қар тазалау, шығару жұмыстары бойынша шарт жасасқан болатын. Мердігер компания «Аяла» және Қоянды ауылы әкімдігі арасындағы шарт жалпы 11 млн теңгеге жасалған. Ал былтыр 55 млн ақша бөлінген.

26 наурызда прокуратураға хат жолдадық. Қазір хат прокуратура қызметкерінің өндірісіне алынды. Сонымен қатар Ақмола облысы әкімдігіне де осы бойынша жаздық.

Тұрғындардың айтуынша, мемлекеттік сатып алу аясында шарт жасалғанымен, оның талаптары орындалмаған. Қар тазалау бойынша өтінім қарастырылмаған болып шықты», - дейді Дархан Құлжамбеков.

Halyq Uni тілшісі Қоянды әкімдігінің ғимаратына да барды, алайда ол жерде әкімнің өзі жоқ болып шықты. Ал әкімдікте істейтін басқа қызметкерлерден Қояндыдағы жағдайға қатысты мардымды жауап ала алмадық. Тіпті, олар әкімнің қайда жүргенінен де бейхабар болып шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама