Бишімбаевтың адвокаты судьяны ауыстыруды сұрады
Астанада экс-министрге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр
11 сәуірдегі сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов судья Айжан Құлжанованы ауыстыруды сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ісі бойынша іс материалдарын зерттеу жалғасып жатыр. Сот барысында сотталушының адвокаты судьяға қарсылық білдірді.
Заңға сәйкес, судьяға қарсылық бiлдiру қылмыстық процестің кез келген сатысында судьяның іске қатысуын болғызбайтын мән-жайлар туралы белгілі болғанда мәлімделуге тиіс.
Судьяға қарсылық бiлдiру, сондай-ақ қарсылық бiлдiрiлуге жататын сот талқылауына қатысушылар туралы мәселенi сот кеңесу бөлмесiнде қаулы шығару арқылы шешедi, – делінген заңда.
2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды. Іс туралы мына жерден оқуға болады.
СУДЬЯ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?
Айжан Құлбаева бұған дейін де бірқатар шулы істі қараған. Олардың қатарында журналист Махамбет Абжанғақатысты іс бар. Ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаевқа да үкімді Құлбаева шығарған.
Сондай-ақ қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке қатысты істі қарап жатыр.
Айта кетейік, үш іс те алдын ала сот тыңдауы барысында жабық форматқа ауыстырылған.
Айжан Құлбаева 2022 жылдың 28 желтоқсанында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы болып тағайындалған.