×

Прокурор Абылай Мырзахметовке қатысты істі жабық режимде өткізуді сұрады

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасына екі бап бойынша күдікке ілінген

 Айгерім Таубай 22.01.2024 | 10:33
коллаж: Halyq Uni

Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке қатысты басты сот талқылауы басталды.

Абылай Мырзахметовке қылмыстық кодекстің 28-бабы 4-бөлігі – 367-бабы 4-бөлігі (пара беруге көндіру), 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша айып тағылған.

Істі қарап жатқан судья Құлбаева сот барысында фото-видео түсіруге тыйым салды.

Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы қылмыстық істі жабық режимде өткізуді сұрады.

Мырзахметовке қатысты қылмыстық іс бойынша қала прокуратурасынан куәгерлердің бірінен оның өмірі мен отбасы мүшелерінің өміріне алаңдаушылық білдіруіне байланысты сот талқылауын жабық режимде өткізу туралы өтінішхат түсті, - деді прокурор.

Тараптар прокурордың өтінішхатына қарсылық білдірмеді. Шешімді сот қабылдайды.

Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Абылай Мырзахметовті 2023 жылдың 11 мамырында ұстады. Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікке ілінген болатын.

Содан кейін 2018-2019 жылдар аралығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаев делдал арқылы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам қаражат алды деп айыпталды. Ол сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама