×

Алматыда мас жүргізушінің кесірінен үш көлік соқтығысып қалды

Ford Focus жүргізушісі рөлге ие бола алмаған

 Еркеғали Болатұлы 07.04.2024 | 10:50
фото: zakon.kz

Алматыда 7 сәуірде таңертең Бөкейханов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында 3 көлік соқтығысып қалды. Салдарынан 4 адам зардап шекті.

Бөкейханов көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан Ford Focus жүргізушісі бір мезетте рөлге ие бола алмай, солға бұрылып, бордюрге соғылған. Осылайша, ол Рысқұлов даңғылы бойында бір қырымен тұрып қалып, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Осылай тұрған оның бір бүйіріне Рысқұлов көшесімен шығыс бағыттан келген Subaru көлігі келіп соғылған.

Subaru қатты соққыдан жол жиегін бөліп тұрған темірге барып соғылса, оның артынан іле-шала Daewoo Nexia көлігі келіп соққан. Жаңбырлы күнгі тайғақ жолда жүргізуші тоқтап үлгермеген сияқты.

Салдарынан Subaru жолды бөліп тұрған темірді сындырып, оған тұмсықпен қадалды. Сондай-ақ Ford Focus та соққы салдарынан сол темірге барып соғылды.

Жол апатынан Subaru көлігінің жолаушысы зардап шегіп, ол шұғыл ауруханаға жеткізілді. Subaru мен Daewoo Nexia жүргізушілеріне оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, Ford Focus жүргізушісі мен оның 2 жолаушысы да ауруханаға жатқызылды.

Жол апатына тап болғандардың айтуынша, Ford Focus көлігінің жүргізушісі мас болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама