×

Кредит алушыларға ғана емес, берушілерге де талап күшейеді – депутаттар

Қазақстанда проблемалық несиесі бар 1,6 млн адам бар

 Дәурен Ерболат 28.03.2024 | 11:47

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасында 90 күннен астам төленбеген берешегі бар қазақстандықтарға кепілсіз тұтынушылық несие беруге, сондай-ақ 90-нан астам мерзімі өткен қазіргі берешектеріне сыйақы есептеуге тыйым салатын нормалар бар.

Биыл қаңтардағы жағдай бойынша 8,5 миллион қазақстандық қаржы ұйымдарына 19 трлн теңге қарыз. Мұның ішінде 8,2 миллион адамның кепілсіз тұтынушылық несиесі бойынша берешегі – 10 трлн теңге. 1,6 млн адамның 1,7 трлн теңгеге проблемалық несиесі бар. Олар қарызын төлеу мерзімін 90 күннен кешіктірген.

Енді заң аясында несие алушыларға да, кредит берушілерге (қаржы ұйымдары) талап күшейеді. Депутаттар бұл туралы не ойлайды? Halyq Uni тілшісі осы құжатты талқылауға белсенді атсалысқан бірқатар Мәжіліс депутатының пікірін білді.

Олжас Құспеков, Мәжіліс депутаты:

- Кредит алуға талапты күшейту керек. Өйткені, адам ақшадан қысылған да осы жеңіл жолға жүгіреді. Сол үшін оның жолын күрделендіруіміз керек. Өйткені, ертең берілген кредиттің төлену-төленбеу кепілдігі сол несие берген мекеменің өз жауапкершілігіне артылады.

Тағы да айтайын, кредит көп адамға тез ақша табудың жолы болып тұр. Бірақ «Үкімет бізді кешіреді, банкроттық деп таниды» деген сеніммен алатын адамдар да бар. Кейбіреулер расымен де ақшадан қиналғаннан, жоқшылықтан алады.

Өзіме келер болсам, бірінші үйімді құрылыс компаниясымен келісіп бөліп төлеп алдым. Екінші үйімді де дәл сондай жолмен алдым. Кредит сияқты, бірақ пайызы өте төмен.

Максим Рожин, Мәжіліс депутаты:

- Кредит алу қолжетімді болған сайын адамдар көп мәселеге тап болады. Біз қараған заң жобасында сол талапты күшейту мәселесі бар. Бірақ көпшілік сол талапты күшейтуді тек кредит алушы азаматтарға қатысты деп ойлайды. Шын мәнінде, кредит берушілерге де талап күшейтіледі. Талапты күшейту – несие төлеуге шамасы жететін азаматтарға еш әсер етпейді. Бірақ өзін қадағалай алмайтын, ақшаны тиімді жұмсай алмайтын қаншама адам бар. Мәселен, маған шағымданған адамдардың ішінде құмар ойынға әуес, сол үшін несие алатындары барын білдім.

Өзім де кредит аламын: тұтынушылық несие, ем алу мақсатында. Ипотекаға әлі қолым жетпей жүр, бірақ реті келсе оны да аламын.

Үнзила Шапақ, Мәжіліс депутаты:

- Елімізде проблемалық несиесі бар адамдардың саны 1,6 миллионға жетті. Олар 1 трлн 700 млн теңге көлемінде қарыз. Бұл жерде мына мәселе бар, қарыз алған адам өзінің төлем қабілетін толық ескермегеннен осындай қадамға барады.

Екіншіден, енді сондай жағдай болып қалды делік. Заң жобасында қаралып жатқан тағы бір ерекшелік – қарызын 90 күннен кешіктірген борышкердің төлеміне қосылатын сыйақыны есептеуге тыйым салатын нормалар бар. Сондай-ақ төлемді 90 күннен кешіктірген соң басқа да – онлайн және кепілсіз қарыз алуға тыйым салу туралы норманы енгізуді қарастырып отырмыз.

Қазан айында Парламент тыңдауы өтті. Сонда бір басында 5-6 кредиті бар адамдар мінберден сөйлеген еді.

Тағы бір үлкен мәселе – банктердің қарыз портфелі көбейіп кетеді. Соны тазарту үшін халықтың қарызын коллекторлық агенттіктерге сатып жібереді. Осы мәселені біз өте көп талқыладық, енді банктер оны екі жыл өткен соң ғана (24 ай) коллекторлық агенттіктерге сата алады. Бірақ сол кезде кредитті жеңілдетудің рәсімдерін жүргізуі керек.

Мен де кредит алғанмын. 2004 жылы Қарағанды қаласынан Астанаға көшіп келдім. Сол кезде ипотекалық кредитке пәтер алдым. Кейін оның қарызын өтеп, үйді кеңейту мақсатында тағы да ипотека алдым. Оның қарызын әлі төлеп отырмын. Қазақстанда бір жалақыға сеніп жылжымайтын мүлік алу мүмкіндігі жоқ.

Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты:

- Онлайн кредит деген бар. Адамдардың өзі банкке бармайды, жеке басы анықталмайды. Біреу оның құжатын алып, оның атынан несие алуы мүмкін. Осындай жағдайларды тоқтату мақсатында біз талапты күшейтіп жатырмыз. Кредит алуға тыйым салмаймыз, бірақ белгілі бір шектеулер енгізіп жатырмыз.

Өз басыма келер болсақ, мен өмірімде бір рет қана кредит алғанмын. 2006 жылы прокуратурада істеп жүрген кезім... Отбасым, бала-шағам бар. Бірақ басымда баспана жоқ. Сол кезде несие алдым. Сосын ұйқым қашты. Жалақым ешқайда жетпейді. Кредитті жапсам тамағыма жетпейді, тамаққа жұмсасам кредит төлей алмай қаламын. Ата-анамнан ақша сұрауға намыстанамын. Сосын бір ай ішінде шешім қабылдап, жұмыстан кетіп қалдым. Заңгерлік жұмыспен айналыстым. 7 жылға алған кредитті мерзімінен бұрын жауып тастадым. Содан кейін кредитке жолауды қойдым. Сіздерге де жоламауға кеңес беремін. Негізі, кредитті бизнес мақсатында алу керек дегенді айналамдағы адамдардың санасына сіңіруге тырысамын.

Нартай Сәрсенғалиев, Мәжіліс депутаты:

- Заң жобасы халықтың шамадан тыс кредит алуын тоқтату үшін әзірленді. Бірақ біз бірнәрсені түсінуіміз керек. Халықтың шамадан тыс несие алуын тоқтату дегеніміз қазақстандықтарға кредит бермеудің жолдарын қарастыру деген сөз емес. Осыны барлық мемлекеттік орган жақсылап түйсігіне түйіп алуы керек. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге жағдай жасап, коллекторлар, банктер мен микроқаржылық ұйымдардың халықты қанауына, тоқтамай төбесінен төмпештеуіне жол бермеуіміз қажет.

Өткенде коллекторларға мүлдем кредит сатылмасын деген бастаманы көтердім. Сіздер оны көрдіңіздер. Бұл норманы заң жобасының салыстырмалы кестесіне енгіздім. Ол норма қабылданды. Бірақ жұмыс тобынан Үкімет оған қорытынды бермеді деген ақпаратты алдым.

Дегенмен, заң жобасына тағы 3 норма енгіздім. Оның үшіншісіне тоқталайын. Олар жаны қалмай (проблемалық несиелерді) коллекторларға сатамыз деп жатыр. Бірақ оны сатқан кезде айыппұлдар, өсімақылардың бәрі алынып тасталуы керек. Содан кейін ғана коллекторларға сатылуы қажет деп айттым. Мысалы, (заң жобасына норманы енгізгенде проблемалық несие) коллекторға берілгенде негізгі қарыз қалсын, ал олар қосатын сыйақы алынсын деген сөз болды.

Мен (проблемалық несиені) коллекторлар сатып алғанда 30 күнтізбелік күн ішінде олар өздеріне берілген сыйақыны алып тастасын деген норманы енгіздім. Сонда қарапайым қарыз алушыдан коллектор тек негізгі қарызды өндіріп алады. Осы норма жұмыс тобында қабылданды.

2019 жылы мен алғашқы баспанамды алдым. Сол кезде кредит алғаным есімде. Ата-анам тұратын қарашаңырақ бар. 2016 жылы оларға теледидар, кір жуатын машина, микротолқынды пеш алғанда бәрін бөліп төлеу арқылы алдым. Алғашқы баспанамды Отбасы банкінен кредитке алып, оны жаптым. Бүгінде 3 балам бар. Сөйтіп, Отбасына банкінен қайта кредит алып, келесі пәтерімді алдым. Солай (несие) төлеп жүрген жайым бар. Бүгінде менде ипотека мен тұтынушылық кредит бар. Ұстап жүрген ұялы телефонымды да бөліп төлеу арқылы алдым.

Ринат Заитов, Мәжіліс депутаты:

- Біріншіден, микрокредит және тұтушылық несие алуға талапты қатайту керек. Бұл ұсынысты толық қолдаймын. Өйткені қоғамда 2-3 жерден кредит алып, соны төлей алмай жүрген адамдар өте көп.

Екіншіден, бұл заңның екінші жағы да бар. Егер керек кезде қаржы ала алмайтын болса, орташа және ұсақ қылмыстар көбейіп кете ме? деген де қауіп бар. Адам ақшаны қайдан табады? Заңды толық қарастырып, ішіндегі тәуекелдерді есептейтін жерлер бар. Біз оны ұсыныс ретінде де айтып отырмыз. Сондықтан орынсыз несие ала беруді тоқтату керек. Өйткені бізде бір түсінік бар. Мысалы, несиені керек кезде аламыз да ол өз қызметін атқарып, оны жабуға келгенде қынжылып қаламыз.

Қазір менде ипотека жоқ. Бұрын болған, оны жауып тастадым. Бірақ тұтынушылық несие бар. Қажет болғанда аласың, мүмкіндік болғанда жауып тастауға тырысасың. Бірақ кейде қайтадан қажеттілік туады, қайтадан аласың.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама