×

Тағы бір 7 пайыздық жеңілдетілген ипотека қашан іске қосылады

Азаматтардың әртүрлі санаты үшін тариф әртүрлі болады

 Еркеғали Болатұлы 19.03.2024 | 11:35
фото: Halyq Uni

Қазақстанда 7 пайыздық жаңа ипотеканы іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Ол бағдарлама биыл сәуір айының аяғында немесе мамырдың басында басталады деп күтіліп отыр.

Айта кетсек, 15 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Отау» бағдарламасына қосымша халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған несие өсімі 7 пайыздан аспайтын тағы бір жеңілдетілген ипотеканы іске қосу қажет екенін айтып, Үкіметке тапсырма берген болатын.

Krisha.kz-тің жазуынша, азаматтардың әртүрлі санаты үшін тариф әртүрлі болады. Сонымен, 7 пайыздық тұрғын үй несиесін халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары ғана (көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар және басқа да азаматтар) ала алады. Бұдан басқа азаматтар үшін мөлшерлеме 9 пайыз болады.

Бұл ретте Алматы мен Астанадан баспана сатып алу үшін 30 миллион теңгеге дейін несие алуға болатыны айтылған. Қалған өңірлер үшін несие сомасы 18 миллион теңгеге дейін болмақ. Мегаполистер мен облыс орталықтарында бастапқы баспана ғана беріледі, ал басқа елді мекендерде ешқандай шектеу жоқ, тіпті жеке үйлерге де рұқсат берілген.

Осылайша, ипотека тек моноқалалар үшін ғана емес, Қазақстанның барлық елді мекендері үшін есептелетін болады.

Еске сала кетсек, биылғы 1 наурыздан бастап елімізде «Отау» ипотекалық бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Оны «Отбасы Банктің» 1 миллион теңгеден кем емес сомамен 18 ай бұрын депозит ашқан салымшылары пайдалана алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама