×

Қазақстанда 18 елді мекенге қала мәртебесі берілуі мүмкін

Мұндай шешімді тиісті облыс әкімдіктері қабылдайды

 Дәурен Ерболат 19.03.2024 | 10:44
көрнекі фото: Halyq Uni

Елімізде 30 мыңнан аса тұрғыны бар 18 елдімекеннің қала мәртебесін алу мүмкіндігі бар. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство басшысының айтуынша, қазір Қазақстанда 10 мыңнан аса тұрғыны бар 112 ауыл бар.

«Оның ішінде 18 елді мекенде 30 мыңнан аса адам тұрады. Олардың мәртебесін өзгерту үшін заңнамада тетіктер бар. Мысалы, онда 3 жыл бойы халық саны 10 мыңнан асып отырса, онда облыс мәслихатының деңгейінде осы ауылдардың мәртебесін өзгерту құқығы бар, яғни қалаға айналдыру. 2021 жылдан бастап (заң) қолданысқа енген болатын. Қазір облыс әкімдіктері мәслихаттардың өтінімін қарастырып жатыр. Бірақ әлі нақты шешім қабылданбаған, жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді Нұрлан Байбазаров.

Премьер-министр Олжас Бектенов «Бұл міндет емес, тұрғындардың құқығы ғой?» деп сұрақ қойды.

Министр ауыл тұрғындарының мұндай құқығы барын жеткізді.

Иә, 3 жыл бойы халықтың саны 10 мыңға көбейсе, онда қалаға айналдыру мүмкіндігі бар. Шешімді тиісті облыс әкімдіктері қабылдайды, - деді Нұрлан Байбазаров.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда жалпы 89 қала бар: 38 облыстық маңызы бар, 48 аудандық маңызы бар, 3 республикалық маңызы бар: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама