×

«1 млн теңге ұтыс»: Астанада алаяқ қыз тұрғындардың ақшасын жымқырған

Қазір ол интернет-алаяқтықтың 30 фактісі бойынша күдікке ілінген

 Динара Амантай 18.03.2024 | 10:23
Фото: polisia.kz

Астана полицейлері тұрғындарды «ұтыс ойынынан 1 миллион теңге ұтып алдыңыз» деп алдап, ақшасын жымқырған алаяқты ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Интернет-алаяқтықтың құрбаны болған елорда тұрғындары полицияға арызбен жүгінген. Тергеу барысында Алматы аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 24 жастағы қызды анықтады.

Қаскүнем Instagram әлеуметтік желісінде жалған аккаунтта жарияланған ұтыс ойынына қатысқан жәбірленушілерге қоңырау шалып, олардың 1 млн теңге ұтып алғандығын хабарлаған. Бірақ оны алу үшін комиссия ретінде белгілі бір соманы төлеу керек деп алдаған.

Жәбірленушілер 15 мың 600 теңге мен 18 мың 400 теңге көлемінде қаражат жіберген. Алайда іс жүзінде ешқандай ұтыс ойыны болмаған.

Қазір қыз интернет-алаяқтықтың 30 фактісі бойынша күдікке ілінген.

Аталған фактіге қатысты алаяқтық бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат мойындау көрсетпелерін берді. Оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталады. Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға сақ болуды ескертеді. Алаяқтардың құрбаны болмау үшін ақшаны жіберер алдында мұқият тексеріп, қырағылық таныту қажет, – делінген полиция хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама